Табыс салығы: есептеу кезінде нені ескерген жөн?

Табыс салығы: есептеу кезінде нені ескерген жөн?
Фото: freepik.com

Төлем жасауда, жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу кезінде бухгалтерлер мен кәсіпкерлерге нені білу қажет? Бұл сұраққа Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Бухгалтерлер клубында өткен семинарда кәсіби бухгалтер, Халықаралық қаржылық есеп дипломының иегері, ҚР аудиторы Елена Розинкина жауап берді.

Естеріңізге салсақ, жеке табыс салығы резиденттерге және бейрезиденттерге салынады. Қазақстанда кез келген 12 айлық кезеңде (күнтізбелік жыл есептелмейді) 183 күнтізбелік күннен астам уақытқа (келген және кететін күндерді қоса алғанда) шетел азаматы Қазақстан Республикасының резиденті болып есептеледі.

Сондай-ақ, мемлекеттік билік органдарының шетелге іссапарға жіберілген ҚР азаматтары (дипломаттар), сонымен қатар олардың отбасы мүшелері; халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік экипажының мүшелері; ҚР шегінен тыс орналасқан әскери қызметшілер мен азаматтық қызметкерлер; емдеу, оқыту мақсатында ҚР шегінен тыс жүрген азаматтар, ғылыми қызметті жүргізу мақсатында ҚР шегінен тыс жерлерде жүрген оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер резиденттер болып саналады.

"Көп маман шетелдіктерді бейрезидент санап, олардың жалпы табыс салығын дұрыс есептемейді. Шетелдік азаматтың өмірлік мүдделері (отбасы, жылжымайтын мүлігі, табыс көзі) Қазақстанда орналасқан болса, Қазақстан Республикасының резиденті болып есептеледі. Естеріңізге сала кетейін, резиденттер Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жерлерде төлем көзінен салықты төлейді, бейрезиденттер – Қазақстан Республикасындағы табыс салығы бойынша ғана төлем жасайды. Төлем көзінен салық салынатындардың көлемі 12 ғана. Сондықтан оларды есте сақтау оңай", – дейді Елена Розинкина.

Төлем көзінен салық салынатын табыстар:

1. Қызметкердің табысы, оның ішінде үй қызметкерінің және резидент-көшіп келушінің табысы;
2. Тауарларды сатудан, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түскен кіріс;
3. Үшінші тұлғаның алған тауарларына, жұмыстарына көрсетілетін қызметтердің құнын төлеу табысы;
4. Жеке тұлға алдындағы берешекті өтеу есебіне жұмыстар, қызметтер түріндегі кіріс;
5. Өтеусіз алынған мүлік, оның ішінде жұмыстар, қызметтер түріндегі табыс;
6. Борышты кешіру табысы;
7. Борышкерге қойылатын талап мөлшерін азайту түріндегі табыс;
8. Репо операциялары бойынша сыйақы төлеу түріндегі кіріс;
9. Зейнетақы төлемдері түріндегі табыс;
10. Сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыс;
11. Шәкіртақы түріндегі табыс;
12. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс.

"Жалпы табыс салығының мөлшерлемесі дивидендтер бойынша 5%-ды, кірістердің қалған түрлері бойынша 10%-ды құрайды. Іссапардың шығындары, тәуліктік шығындар; арнайы киім, арнайы аяқ киім құны; қызметкерді тұрғылықты жерінен және кері жеткізуі; жарнама мақсатындағы тауарлардың құны табыс ретінде қаралмайды", – дейді Елена Розинкина.

Төлем көзінен жалпы табыс салығын бақылау тізімі:

1) ҚР резиденті, резидент еместігін анықтау.
2) Салық салынатын табыстарды анықтау.
3) Түзетуді көру (341-құжат, 319-құжат, 654-құжат).
4) Салық шегерімдерін қолдану туралы өтінішті алу.
5) Шегеруді растайтын құжаттарды тексеру.
6) Салық салынатын кіріс сомасын есептеу.
7) Пайыздық мөлшерлемені белгілеу.
8) ЖТС сомасына шығару.
9) Әр айдың 25 күніне дейін ЖТС-ті бюджетке аудару.
10) 200.00 салық есептілігінің нысандарына 15 мамырға, тамызға,
қарашаға, ақпанға дейін ұсыну.

Бұл сұрақ, сонымен қатар бухгалтерлік және салықтық есепке қатысты мәселелер Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының бухгалтерлер клубында талқыланды. Клубқа қатысу тегін. Кездесу Алматы қаласы, Абай даңғылы, 14 (Абылай хан көшесінің қиылысы), ҚР Ұлттық кітапханасы, 1 қабат, көрме залында өтеді. Тіркелу үшін байланыс: 8701-943-20-21 Раушан Бегалиева.

Massaget