Отандық дизайнерлер " ALTYN OIMAQ " байқауында бақ сынамақ

Жеңіл өнеркәсібін қолдау мақсатында «Атамекен» ҚР ҰКП отандық дизайнерлер арасында «ALTYN OIMAQ» байқауы басталатыны туралы хабарлайды.

Жобаның таныстырылымы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Маңғыстау облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Маңғыстау облысы киім дизайнерлер Одағы» Қауымдастығының тең құрылтайшысы Диана Ботаева, «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры» қоғамдық қорының директоры Адиля Түгелдің қатысуымен Орталық коммуникациялар қызметінде өтті.

«Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында киім өндірушілер және дизайнерлер арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың кәсіби алаңын қалыптастыру – байқау міндеттерінің бірі. Бұл жайлы  2018 жылдың 11 желтоқсанында «Алтын сапа»  байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде де айтқан болатын. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша жеңілөнеркәсіп саласы бойынша Қазақстанда 992 кәсіпорын жұмыс істеуде.  Оның 13 ірі кәсіпорындарға жатса, 27 орта, 952 шағын кәсіп иелеріне тиесілі» , – деді Ләззат Рамазанова.

Байқауды Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры ұйымдастырып отыр. «ALTYN OIMAQ» байқауының мақсаты киім-кешек және әшекейлердің ұлттық брендтерін  қалыптастыру мен насихаттау, жаңа есімдер мен брендтерді ашу және қолдау, сонымен қатар қазақстандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту мен сұранысын ынталандыру

«ALTYN OIMAQ» байқауына Қазақстанның кез-келген азаматы қатыса алады.

Қатысушыларға арналған аталымдар:  

1. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны»;

2. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімнің үздік дизайны»;

3. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімінің үздік дизайны»;

4. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген үйге арналған текстильдің үздік дизайны»;

5. «Ұлттық әшекейлердің үздік дизайны» және «спорт аяқ киімінің үздік кастом-дизайны».

«Біз отандық дизайнерлерге әлемдік деңгейдегі дизайнерлерден дәріс алу мүмкіндіктерін ұсынатын боламыз. Спикерлер мен тренерлердің арасында әлемге танымал сауда белгілерінің өкілдері болады «ALTYN OIMAQ» байқауы өзі бірнеше кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде өтінім қабылдау, өтінімдерді комиссия қарап, байқау лауреаттарын іріктейді. Екінші кезеңде үміткерлер қоғамдық онлайн-дауыс беруге қатысады. Үшінші кезең – Бас жүлдені тапсыру,  алты лауреаттың ішінен жеңімпаз таңдалады.  «ALTYN OIMAQ» байқауының жеңімпаздарын марапаттау 25 желтоқсанда өтеді», – деді Диана Ботаева. 

Байқауға қолдау      

Байқау отандық дизайнерлерді қолдау, жаңа есімдер мен бәсекеге қабілетті брендтерді танытуға бағытталған. Қазіргі таңда байқауға қазақстандықтар қолдау білдіруде, олардың ішінде танымал тележүргізуші Майя Бекбаева бар.

«Түсірілім алаңында киімім ыңғайлы әрі әдемі болуы керек. Сіздер шетелдік брендтерге ғана сенім артуға болады деп ойлайсыздар ма? Олай емес! Кейде үздік нұсқаларды танымал, аса танымал емес отандық дизайнерлер ұсынады. Егер киім дизайны арманыңыз болса, арманыңыздың орындалуына бар күш-жігеріңізді салуға дайын болсаңыз, онда іске сәт! Мүмкін, дәл сіз «№1 бренд» атанасыз», – деп тележүргізуші байқауға қолдау білдірді. 

«ALTYN OIMAQ» қатысушылары

«Ailin collection» брендін жас ана Гүлзат Мұхамедина бала күтіміне байланысты демалыста зерікпеу үшін құрған. Тігіншілік бала төсектеріне арналаған көрпе-жақтауларды тігуден басталды.

«Кәсібімді екі жыл бұрын бала күтімі бойынша демалысқа шыққаннан кейін бастадым. Өзім мемлекеттік қызметкермін. Екінші сәбиімді туатын мерзімге екі ай қалғанда, құр отырмайын деп тігін машинамды шығарып, бала төсектеріне кемершелер тігуді бастадым. Алғашқы жасағаным дереу сатылып кетті. Жасаған бұйымымның біреуге ұнағаны мен үшін күтпеген жағдай еді. Осыдан кейін декретте отырып-ақ ақша табуға болатынын түсіндім. Сөйтіп «бесiк жасауды», – бірінші өз балама, кейінгілерін сатуға тіге бастадым», – деді Гүлзат Мұхамедина.

Алғашқы жылы Гүлзат Мұхамедина төсек жабдықтарын ғана жасайтын, сосын пішу мен тігуді үйреніп алып, әйелдер, ерлер және балалар киімдерін тігуді  қолға алды. Тігіншінің айтуынша, оның ерлер киімін тігуде тәжірибесі аздау, бірақ әйелдер мен балалар киімдерін тіккенде кез келген үлгіні, тіпті күрделілерін тіге алады.

«Қазір әлеуметтік желідегі парақшам бар, клиенттерімнің көбі сол арқылы келеді. Жалпы кішкене кезімнен модельер болғанды армандайтынмын. Мүмкін сол себептен де кеңсе қызметкерінен шығармашыл адамға айналдым. Сондай-ақ маған іскерлік стильде киім тіккен ұнайды.   Өйткені жұмыс істеп жатқанда күнделікті стильдің қызықсыз екенін түсініп, киімге сән беруге тырысамын. Мен қашанда көпшілік ішінде ерекшеленуге тырысамын. Бірақ дүкендерде көп таңдау бола бермейді, болғанның өзінде де бағасы қымбат», – дейді байқау қатысушысы.  

Келешекте Гүлзат қыз-келіншектерге арналған іскерлік киімнің жеке брендін ашқысы келеді әрі балалар киім тізбегін ары қарай дамытпақ.

 «Балалар киімі қашанда сұранысқа ие. Балаларға арналған топтама шығарғым келеді. Керемет болар еді. Қазір жеке ательемді ашуға дайындалып жүрмін. Кеңсе таптық. Әзірге бір жұмысшым бар. Штатты кеңейтсем деймін. Бірақ сұраныс үшін алаңдаймын. Ол үшін жарнамамен жұмыс жасау керек. «ALTYN OIMAQ» байқауы өзімді танытуға мүмкіндік береді деп үміттенемін», – деп бөлісті Гүлзат Мұхамедина.

Наталья Гатауллина 23 жыл бұрын Қарағанды «Сән колледжін тәмамдаған». Мамандығы бойынша ол технолог-модельер-конструктор

Колледжді аяқтаған соң Наталья ательеде жұмыс істеді, үйде отырып тапсырысқа тікті, ал 15 жыл бұрын жеке ательесін ашты.

«Ательемнің басты міндеті – кәсіби көмек сұрап келгендердің  бәріне көмектесу. Менің салоным туралы «Наташаға бар, ол шешімін табады» деп айтады», – дейді тігінші-дизайнер.

Сол себептен де Наталья топтамасын жасау кезінде қыз-келіншектердің  қажеттіліктерін максималды қамтуға тырысады. Топта толығымен табиғи маталардан – зығыр мен бәтестен жасалды. Өзара бір-бірімен үйлеседі. Сондай-ақ, клиенттің көңіл-күйі, мінезіне, дене бітіміне байланысты әртүрлі болып, өзгеріп отырады.

Кез келген үлгіні қосымша әшекейлермен толықтыруға болады. Топтама стиль және түс бойынша ұстамды, үйлесімді. 

«Шешімі жоқ түйіндер, әрине, бар. Біріншіден, кәсіби өсуге, үйренуге құмар жаңа кадрлар. Көптеген қысқа мерзімді дизайнерлік курстар – сұмдық! Бұл  кәсібіміздің жауы! Бұл біліктілікті, еңбек құнын төмендету! Айтарға сөз жоқ!», – дейді Наталья Гатауллина.

Екіншіден, жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіби мамандар мен жұмысшылардың өзара қатынас орнатып, өсуіне арналған алаңның жоқтығы. Байқауға қатысушы дизайнерлерге қарым-қатынас орнатып, бірлескен шығармашылық жобалар жасау қажет.   

«Меніңше, жаппай импортты отандық тауарлармен алмастырудың қажеті жоқ. Бұл – біріншіден, өз кезегінде, дамуға әкелетін адал бәсекелестік. Екіншіден, импорттық тауарлар арқылы біз маталарды өңдеудегі, дизайндағы, фурнитурадағы жаңа әдістерді біле аламыз. Бұл жерде сөз, жоғары сапалы импорттық тауарлар жайында», – дейді тігінші-дизайнер.

«ALTYN OIMAQ» байқауына міндетті түрде қатысамын. Екі жыл бұрын жаңа топтама жасауға ниеттеніп, нобайын сызып бастаған болатынмын. Өкінішке орай, жүзеге асыра алмадым. Енді бастағанымды аяқтап, байқауға дайындауға ынтам бар», – деп бөлісті байғауға қатысушы.

«ALTYN OIMAQ»  байқауы үш кезеңде өтеді:

Бірінші кезең – өтінім қабылдау мен Комиссияның іріктеуі

1 кезеңнің 1-бөлімі – 4 наурыз басталуы, 15 мамыр – өтінімдерді қабылдау тоқтатылады.

1 кезеңнің 2-бөлімі – 10 маусым – басталуы, 15 қыркүйек – өтінімдерді қабылдау тоқтатылады.

Екінші кезең – қоғамдық онлайн-дауыс беру.

Үшінші кезең – Байқаудың Бас жүлдесін алуға лауреатты анықтау.

Байқаудың әр қатысушысы бір немесе екі аталымға (артық емес) қатысуға өтінім беруге құқылы. «ALTYN OIMAQ» байқауы жеңімпаздарын марапаттау салтанаты 2019 жыл желтоқсанда өтеді. Іс-шара аясында іскерлік бөлім, жәрмеңке, дефиле, семинарлар мен шеберлік сабақтары өтеді.

Байқауға қатысу үшін  www.fundwomen.kz сайтына кіріп, өтініш қалдыру жеткілікті.

«ALTYN OIMAQ» байқауының Бас жүлдесіне алғашқы үміткерлер 2019 жыл маусымда Астанада өтетін Жеңіл өнеркәсіп форумында жарияланады.