Фотография стартап бола ала ма?

Фотография стартап бола ала ма?
Фото: vk.com

Тарихы сонау ХІХ ғасырдан бастау алатын фотография жасау әдісін француздық өнертапқыш Луи Дагер Франция ғылым академиясы мүшелеріне таныстырды. Ол дагеротипті алу процесін – жарыққа сезімтел металл пластинкаларындафото сурет алуды көрсетті. Осы оқиғадан кейін Франция мемлекеті Дагердің әзірлемесіне «әлемге арналған сый» деп баға берді.

Осылайша Дагеротипия фотоға түсірудің алғашқы практикалық әдісі болып белгіленді. Бұл әдістің өзін 1822 жылы Жозеф Ньепс ойлап тапқан, ал Дагер арқасында фотографиялық суретті алу әдісі әлемге таралды.Бүгінде фото  алудың әдіс мен сапасы өзгергенмен, оған деген сұраныс, оның адам өміріндегі маңызы кеміген жоқ.

Заманауи қоғамда кішкентай баладан, егде тартқан адамға дейін фотографияға әуес.Өткен күннен естелік қалдырып, сәтті шақтарды «шақ» етіп белгілеп қоятын фото өнері адамзатқа маңызды. Түрлі түсті қанық карточкалар үйдегі фото альбомда, ал олардың электронды форматы компьютер немесе қалта телефонымызда толып тұр.

Әрине, фотоға түсірумен ешкімді таң қалдырмайсың, оның үстіне смартфондар дамыған кезде сурет, селфи дегенмен мәселе туындамайды. «Қажет суретті өзің түсіре аласың» деуіңіз орынды. Алайда бұл салада да кәсібилік пен біліктілік керек...

Бүгінде ең танымал әлеуметтік желілердің барлығы дерлік фотосуреттерге негізделген, түрлі шаралар мен той-думан фотограф қызметінсіз өтпейді, фотосессиялар сән журналдары, әншілер партфолиоларында ғана емес, оларға тапсырысты жеке отбасылар да жиі беретін болды. Демек, фотографияға сұраныс бар, сұраныс бар жерде бәсеке бар, ал бәсеке бар жерде сапа бар. 

Фотограф – табысты кәсіп түрі

Фотоға түсіріп, табыс табу үшін алдымен бұл істің маманы болу керек. Өйткені тапсырыс беруші сіздің қызметңізді алмас бұрын түсірген суреттерңізді бағалайды. Егер кәсіби түрде фото сессиялар, партфолио жасаумен айналысамын десеңіз – онда фото мектепті оқып алу керек. Ал той мен банкеттерді түсіруде сурет түсірудің жалпы ережелері мен жақсы фото аппараттың болғаны жеткілікті.

Альбина Миникеева, әуесқой фотограф Талдықорған қаласы:

«Студент болып жүріп, демалыс күндері нағашы әпкемнің тойханасында банкеттерді суретке түсірумен айналыстым. Осылайша шәкіртақыма қосымша табыс таптым. Кейін бұл кәсіптің ұнағаны соншалық, негізгі жұмысымнан қолым қалт етсе, фотоаппартты алып, тойханаға жүгіремін. Бұл қызықты да, табысты іс. Бір кеште банкет залын түсіру той, иелерінің және қонақтардың қалтасына байланысты. Бір тойдан шамамен 15-50 мың теңге аралығында табыс табуға болады. Ал жас жұбайлардың кәсіби фото сессиясын жүргізетін жергілікті фотографтар сағатына 10-15 мың теңгеден жоғары құнды сұрайды. Бұл салада бәсеке де жоғары».

Заманауи фотографқа қойылатын талаптар

Санат Иманғалиев кәсіби фотограф Астана қаласы:

Тапсырыс беруші алдымен гонорарыңыз жайында, содан кейін қолыңыздағы техниканың мүмкіндіктерін, маркасын, сіздің тәжірибеңізді сұрайды. Үлкен жобаларға шақыратын жұмыс берушілер фотолардың әдемі, қанық әрі таза шыққанын, суретте бүтін сюжеттің болуын талап етеді. Сіз нысанға алған кейіпкерлеріңіздің, мейлі ол үлкен жиналыстың спикері болсын, немесе ауылдағы ақбұрымды әжеболсын бойында динамиканы қағып алу– шарт. Ал табиғат аясын түсірсеңіз: фотода күн сәулесінің жылуы сезіліп, табиғат демі мен су сыбдыры естілуі керек. Жалпы алғанда жұмыс стилі жоба иесінің сценарийне қарай икемделеді, соған қарай жұмыстың қарқыны, мінез, көңіл-күйі белгіленеді.

Қатардағы фотограф қанша табады?

Дәурен Абдильдинов кәсіби фотограф Алматы қаласы:

Фото түсіруді кәсіп қылсаңыз алдымен тиісті білім мен тәжірибе керек. Екінші, жақсы фотоаппарат, оған қосалқы заттар – жарық шамдары, жарықты шағылыстыратын құрал, фокусты зорайтатын объективтер, штатифтер сынды құралдар керек. Сосын фотография саласындағы алған бағытыңызға қарай практиканы жақсарту керек. Егер фотосессияларды жүргізуді көздесеңіз шеберлік сабақтарға барып, достарыңыз, таныстарға тегін фотосессия жасап біліктілікті арттырыңыз. Нарықта білікті маманға сұраныс қашанда жоғары.

Білгенге – маржан

Зарина Оспан кәсіби фотограф, Павлодар қаласы:

Фотография – бұл керемет нәрсе. Маған суретке түсіру хоббиі жаңа адамдармен танысып, достасуға үйретті, өйткені фотоаппараттың артынан ұялып, сасқанын көрінбейді. Кейін хоббиім кәсібилікке ұласты. Әрине таныстарым да көбейді, бастапқыда тегін түсіріп жүрдім ғой. Кейін қызметімді бағалай бастадым. Суретке түсірсең, фотошопты қатар меңгеру керек. Кәсіби мектепке баруға қаражатым жетпеді, сондықтан фотошопты өздігімнен үйрендім. Б.гінде ютубта түрлі үйрету сабақтары бар. Фотография айналаға басқа көзбен қарап, сәттерді ұстап қалуды үйретеді. Бірде келе жатсаң, әдемі көрністі байқап, жарықтың жақсы түсіп тұрғанын көресің де шабытпен суретке түсіруді бастайсың. Бұл фотография нағыз шығармашылық екенін дәлелдейді. Фотодағы кәсібилігіңізді сіз емес, оны клиенттерңіз бағалайды. Фотография кез келген өнер түрі ретінде бірегей. Сізге ұнай ма? Онда түсіріңіз! Фотографияда «Өзіңмен өзің болу» жақсы жұмыс істейді. Машықты жетілдіре түсу керек. Әр шеберге клиент табылады.

Ал бизнеске қашан аяқ басу керек? Өз жұмысыңызға ақша алуға дайын болсаңыз, сол кезде бастаңыз. Алдымен нарықты зерттеңіз, бәсекелестерді бағалаңыз. Жұмыс басталса, халық өзі тартылады, жоқ дегенде таныстар – клиенттердің алғашқы легін құрап береді.

Сөз соңында...

Жоғарыда берілген ақпаратты саралай келе фотограф болу табысты кәсіпкерлікке әкелетініне көзіміз жетті. Бұған қоса республика деңгейде өтетін фотобайқаулар да тамаша ынталандуры мен танылудың мүмкіндігі.  Естеріңізде болса, осы жылдың 18 шілдесінде «Атамекен» ҰКП мен «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі «#МеніңАтамекенім» фото және видео байқауын жариялаған болатын. Фотографтар мен әуесқой суретке түсірушілер туған өлкелерінің әсем табиғатын немесе тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін мыңдаған сурет редакцияға келіп түсті.

Байқауда14 облыс, 3 қаланың ішінен марапатталған тек 9 өңір ғана.Гран При Алматы облысы Кербұлақ ауданы Көксу ауылының тұрғыны Ержан Дәулетбаевқа бұйырды.  Жеңімпазға  «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, Олимпиада чемпионы, «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Үшкемпіров қазақтың ақ бас тұқымды бұқасын сыйға тартты.

Фотоға түсіру немесе басқа кәсіп түрін бастағыңыз келсе алғашқы кеңесті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан алыңыз. Кәсіпті кәсіби мамандармен бірге бастаңыз.

Әлия Кемелбекова

А. Оралқызы