- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Талабыңызға тілекші адам...
Талабыңызға тілекші адам – ұстаз
Ұстаз – мектептің жүрегі. Ал оның еңбегі – өлшеусіз, баға жетпес құндылық. Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, қара да, ғалым да, дарын да, бәрі-бәрі өз биіктеріне көтеріле алды. Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басты. Ұстаздар мерекесіне орай ұстаз туралы толғанып көруді жөн санадық.
Ұстазға қандай жақсы анықтама берсек те артық етпейді. Себебі, саналы адамның барлығы ұстаздың алдынан өтеді, тәлім-тәрбие алады. Былайша айтқанда ол екінші ата-ана. Ол – әр баланы зерттеп, құпия қырларын ашып, кемшілігін емес, жетістігін ғана көрсе, арқасынан қағып, әр ісін қолдайды.
Ол – ойнаудан жалықпайтын сәби секілді өз ісіне махаббатпен қарап, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеді.
Ол білімін, тәжірибесін алдындағы шәкірттеріне беріп, олардың рухани дүниесін байытады, өмірде неғұрлым адаспай, дұрыс жолмен жүруге дайындайды.
Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый-құрметін қалыптастыратын, білім мен тәрбиенің ұрығын шашатын, адамгершіліктің нұрын төгетін адам.
Ол – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан ұрпаққа жол тартады. «Ұлт болашағы ұрпақ десек, ұрпақ болашағы – ұстаздардың қолында» екені қай кезде де белгілі.
Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға тілекші болып отыратын тағы да ұстаз.
«Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен әл-Фараби бабамыз. Осы ойдың тереңіне үңіліп қарасақ, ұстаз – бізге білім ғана емес, тәлім-тәрбие беретін негізгі тұлға.
Мұғалімі қандай болса, қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ерте уақыттардың өзінде-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан.
Біздің қоғамда неше түрлі мамандықтар бар. Мамандық көп болса да адамды маман қылатын адам – ұстаз. Осы сәтте «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деген Абайдың сөзі еріксіз есімізге түседі. Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті десек қателеспейміз. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Сондықтан да шәкірт мойнына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мұғалімі қандай болса, қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ерте уақыттардың өзінде-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан.