Қазақ зиялыларының ұстаз жайлы ұлағатты ойлары

Қазақ зиялыларының ұстаз жайлы ұлағатты ойлары
Фото: massaget.kz

Ұстаз – ұлы тұлға. Ал оның еңбегі – өлшеусіз, баға жетпес құндылық. Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, қара да, ғалым да, дарын да, бәрі-бәрі өз биіктеріне көтеріле алды. Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басты.

Алда ұстаздар мерекесі келеді. Осы бір абзал маман иелері жайлы айтылған айрықша аталы сөздер мен жүрекжарды жырлар аз емес. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, үлкен өмірге жол сілтеген жандарға құрмет қашан да жоғары. Осы орайда қазақ зиялыларының ұстаздар туралы айтқан ұлағатты ойларын айта кеткенді жөн санап отырмыз.

***

Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады.

***

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.

Абай

***

Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.

***

Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс.

Ыбырай Алтынсарин

***

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.

Ахмет Байтұрсынов

***

Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады.

Мағжан Жұмабаев

***

Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес.

Мұхтар Әуезов

***

Шәкірті жоқ ұстаз – мылқау ұстаз.

Ыбырай Жақаев

***

Оқытушы әлеуметтік әділеттіліктің, адагершіліктің жаршысы болуға тиіс.

Спандияр Көбеев

 ***

Мұғалім деген ат-қасиетті ат.Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам мұғалім.

Сәбит Мұқанов

***

Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім

Ғ. Мүсірепов

***

Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін.

Серке Қожамқұлов

***

Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді.

Мәлік Ғабдуллин

***

Ұстаз- ұлық емес,ұлы қызмет

Бауыржан Момышұлы

***

Мектепті сыйлағандықтан,мамандығын жан- тәнімен сүйгендіктен мұғалім ең алдымен өзінің интелектісін көтеруі керек, дүниеге деген көзқарастарын биіктетуі керек.

Әбділда Тәжібаев

Ө. Сансызбай