Мектептегі сабақ уақыты ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас нығайып, қырық бес минут ішінде мұғалім бар білгенін оқушы санасына сіңіруіне арналған ең ұтымды сәт. Дегенмен осы санаулы уақытты дұрыс пайдалана алмайтын мұғалімдер де бар. Оған себеп – оқушылардың шуы, тәртіпсіздігі, нашар үлгерімі. Ал қырық бес минут ішіндегі сабақ у-шусыз әрі нәтижелі өту үшін не істеу керек?
Дауыс көтермей түсіндіріңіз
Дауыс көтеру – ұстаздың оқушыларға билік жүргізе алатынын көрсету мақсатында қолданатын әдісі. Бірақ бұл ұзаққа апармайды. Себебі дауыс көтеру, айғайлап сөйлеу ешкімге жақпайды. Біреудің үкілеп өсіріп отырған балаларына ата-анасынан көрмеген дауыс көтеруді көрсетіп, сыйыңызды арттыра алмайсыз. Оқушылар қабағыңыздан бәрін ұғатындай етіп, бір-біріңізге сыйластық танытуды үйретіңіз.
Қысқа әрі нұсқа болсын
Сабақ жоспарын, сабақтың мақсатын қысқа әрі нұсқа түсіндіріңіз. Тіпті артық сөз қолданбай шешендік сөздерден мысал келтіріп, қанатты сөздерді пайдалана отырып, оқушыны қызықтырып сабақ өтіңіз. Бұл өте маңызды.
Оқушылармен жарыса сөйлемеңіз
Араның ұясындай шулаған сыныпты айғаймен тыныштандыру еш сыйыңыз жоқтығын көрсетеді. Сондықтан тыныштық сақталу үшін сіз ештеңе деместен, сыныпқа кірген кезде біраз уақыт ортада тұрып, оқушылардың назарын өзіңізге аударыңыз. Олармен жарыса сөйлеудің қажеті жоқ. Шыбынның ызыңы естілетіндей толықтай тыныштық орнамай, сабақты бастамайтыныңызды ескертіңіз. Ал шу қайта жалғасып кетпес үшін сабақ жоспарын барынша қызықты етіп дайындап алып келіңіз.
Оқушымен жеке ұрысқа бармаңыз
Сіз сынып ішіндегі жиырмадан аса оқушыға дәріс беруші ұстаз болғаннан кейін жеке оқушымен диалогқа түсіп, ұрыс жасамаңыз. Ең дұрысы бәріне ортақ тәртіп ретінде айтыңыз. Себебі жеке адам баласын көпшілік көзінше сынап, ұрысу қателік болады. Ал егер тілазар бала болса, сабақ соңында қалдырып, жеке сөйлесіңіз.
Бір орында тұрып, көзге тік қараңыз
Сабақ кезінде дәрісті жүріп түсіндірмеңіз. Бұл сіз үшін ыңғайлы болғанымен, оқушылар үшін қолайсыз. Себебі сөйлеп жүріп түсіндіретін сабақ балаларды шаршатады. Оқушы қабылдай алмай қалады. Қанатты сөз немесе ерекше бір сөздерді айтқыңыз келген кезде бір орында тұрып, оқушылардың көзіне жеке-жеке қарап айтыңыз.
Орта дауыста тез әрі нақты сөйлеу
Оқушылар сізбен ерегесіп немесе шулап отырғанды жақсы көретін болса, бұл олардың үйде алған тәрбиесі емес, олардың алдында беделіңіз бен бағаңызды түсіріп алғаныңыздың көрсеткіші. Мәселен, неге оқушылар бір ұстазды жақсы көріп, бір ұстазды ұнатпайды. Жақсы ұстаз болу барлығының қолынан келеді. Ол үшін орташа дауыста, айғайламай, тез әрі нақты сөйлеп түсіндіру керек. Бұл – шеберлік.
Өте сабырлы болыңыз
Сіздің өзіңізді сабырлы ұстағаныңыз оқушылардың көзқарасын өзгертеді. Әрдайым сыныпқа кірген сайын сабырлы болып кірсеңіз, (қабақты түйіп алу деген сөз емес) оқушылар сізге қарап бой түзейді.