- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Рон Кларк. Үздік...
Рон Кларк. Үздік ұстаздың әр баладан керемет оқушы шығара білу ережелері
"Триумф. Рон Кларктың оқиғасы" фильмін көрген боларсыз. Мектепке жаңадан келген мұғалім барлығы күдер үзген, ең тәртіпсіз сынып балаларын ең үздік оқушыға айналдырады. Бұл өмірде болған шынайы оқиғаға негізделген, Рон Кларк өзі пайдаланған 55 ережесін "Үздік ұстаздың әр баладан керемет оқушы шығара білу ережелері" кітабында жазады, бұл кітап әлемдік бестселлерге айналған.
1-ереже. Ересектерге "Иә, мырза", "Жоқ, ханым" деп жауап беру. Басқаша айту жарамайды.
2-ереже. Көзбен байланыс орнату. Біреу сізге қарап сөйлесе, оған бұрылып қарау.
3-ереже. Сыныпта біреу ойында жетістікке жетсе не игі іс істесе, оны құттықтап, кемінде 3 секунд қатты шапалақтаймыз.
4-ереже. Пікірталас кезінде өзгелердің ойын, көзқарасын, идеясын құрметтейміз. Құптар бослақ, "Онымен келісемін, меніңше..." немесе "Менің ойымша, ол өте жақсы түйін айтты, одан менің түсінгенім...", әлде "Оның көзқарасы маған ... қызық" деген секілді сөздермен жалғастырамыз.
5-ереже. Егер жеңіске жетсеңіз не жақсылық жасасаңыз, мақтанбаңыз. Ал жеңіліп қалсаңыз ызаңызды көрсетпеңіз. Оның орнына "Маған байқау ұнады, келесі қатысу мүмкіндігін асыға күтемін" немесе "Жақсы байқау болды" деп, әлде тіпті үндемей қоя салыңыз. "Мен дұрыс ойнаған жоқпын" әлде "Сенің жеңісің әділетсіз" деген секілді сөздермен ашуыңызды көрсетсеңіз, бұл жай ғана әлсіздігіңізді байқату.
6-ереже. Егер әңгіме барысында сізге сұрақ қойылса, толық жауап беріп, сіз де оған сол тақырыпқа қатысты сұрақ қоюыңыз керек. Мысалы:
– Демалыс қалай өтті? – десе,
– Керемет. Ата-анаммен дүкен араладым. Демалыста өзің не істедің?
Бұл сыйпайы тәсіл әңгімелескен адам сіз үшін де маңызды екенін көрсетеді.
7-ереже. Жөтелсеңіз, түшкірсеңіз, кекірсеңіз,басыңызды басқа жаққа бұрып, аузыңызды алақанмен жабу керек. Одан соң "кешіріңіздер" деп айту.
8-ереже. Ерінді шылпылдатпау, көзді ақшитпау, сыйламау белгілерін көрсетпеу.
9-ереже. Мен сіздерге бір нәрсе берсем, әрдайым алғыс айтыңыздар. Егер мен бергеннен кейін 3 секунд ішінде "Рақмет" демесеңіздер, оны қайта алып қоямын. Ризашылығыңды көрсетпеу кешірілмейді.
10-ереже. Егер біреу сыйлық тарту етсе, арзан екенін айтып оның иесін не сыйлығын төмендетуге болмайды.
11-ереже. Күтпеген жерден жақсы іс істеп, айналаңыздағыларды таңғалдырыңыз. Бұл кемінде айына бір рет орындалуы тиіс.
12-ереже. Кейде бір-біріміздің дәптерімізді тексереміз. Сол кезде егер әлдекімнің жұмысына дұрыс баға қоймасаңыз, оған қойған бағаңыз өзіңізге жазылады.
13-ереже. Сыныппен бірге оқып жатқанда, сіз мәтінді қолмен жүргізіп отыруыңыз керек. Бір адамды тоқтатып, кезек сізге келгенде, мәтіннің қай жеріне келгенін тауып, бірден жалғастырып кетуіңіз керек.
14-ереже. Жазбаша түрде сұрақ берілгенде сөйлемді толық жазу. Мысалы: "Францияның астанасы қай қала?" деген сұраққа толық түрде: "Франция мемлекетінің астанасы – Париж қаласы" деп жауап беруіңіз керек. Сөйлескенде де, сұрақ қойған адамға құрмет белгісі ретінде "Қалайсың?" десе, жай ғана "Жақсы" демей, "Халім жақсы, өз жағдайың қалай?" деп сұрау.
15-ереже. Уақыт өте келе мен оқушыларды жақсы жетістігі, тәртібі үшін марапаттаймын. Сондай кезде менен марапаттауымды сұраған адам, марапат алмайды. Жақсы тәртібі үшін мақтау сұрау өрескел қылық. Мен мақтасын деп емес, өздеріңіз үшін жақсы болуға ұмтылуларыңыз керек. Әдетте мен тесттен 100 ұпай алған оқушыны марапаттаймын, ал 100 ұпай алып тұрып, біреу менен мақтау сұраса, мен ешкімге де марапаттау бермеймін.
16-ереже. Барлық балаға міндетті түрде әр пәннен үй жұмысы беріледі. Оны орындауға міндеттісіздер.
17-ереже. Бір пәннен екіншіге өткен кезде тез, тыныш, ретпен ауысамыз. Кітапты, үй жұмысын, басқа да қажеттілерді дереу ауыстыру керек, оған 10 секунд беріледі, сіздер мұны 7 секундте орындап үлгерулеріңіз керек.
18-ереже. Ұйымшыл болуға бар күштеріңізді салыңыздар.
19-ереже. Үй тапсырмасы берілгенде ешқандай ыңырсу, шағым болмасын, әйтпесе тапсырманы екі есе көбейтемін.
20-ереже. Менің орныма басқа мұғалім келгенде де осы ережелерді орындайсыздар. Бұл қиын екенін білемін, бірақ өте маңызды.
21-ереже. Біз сыныпта белгілі хаттама жұмысымен жүреміз. Тапсырманы ұйымдасқан, тиімді, нақты түрде орындаймыз. Ол үшін мына ережелер сақталуы тиіс:
Рұқсатсыз орнынан тұрмау. Егер ауырып отырсаңыз, тез шығып кетуге болады.
Қолыңызды көтеріп, мен атыңызды атағанша сөйлемеу. Сұрақ қоямын, сол сұраққа ғана жауап бересіз.
22-ереже. Бөтелкемен су әкеліп, оны үстеліңізге қоюға болады. Сабақ үстінде менен су ішуге рұқсат сұрамаңдар. Тіпті тамақ әкеліп жеуіңізге де болады, тек оны басқалар көрмейтін, мен естімейтін болайын.
23-ереже. Мектептегі барлық мұғалімнің аты-жөнін тез жаттап, көрген кезде амандасу. "Қайырлы таң, Грэхэм мырза" немесе "Сәлеметсіз бе, Ортиз ханым. Көйлегіңіз әдемі екен". (Ескерту: сыныпта отырғанда не сапта тұрғанда мұғалімдермен сөйлесуге болмайды. Бұл жерде тыныштық ережесі сақталуы тиіс). Мектепке келе жатқанда, үзіліс уақытында, басқа сыныпқа бара жатқанда мұғалімдермен сөйлесуге рұқсат.
24-ереже. Дәретханаға барғанда қолды жуу. Қоғамдық әжетханаға барғанда қағаз сүрткіштер алу.
25-ереже.Мектебімізге келушілер көп. Егер әлдекім біздің сыныпқа келетін болса, мен екі оқушыны жіберемін. Олар келген кісінің қолын алып, өзін таныстырып, амандасып, мектепті аралатып көрсетеді, содан кейін сыныпқа әкеледі.
26-ереже. Асханада орын алып қоймаңыз. Біреу отырғысы келсе, оған рұқсат беріңіз. Біреуді үстелге отырғызбай қою болмасын. Біз – бір отбасымыз, бір-бірімізге құрметпен, мейіріммен қарауымыз керек.
27-ереже. Мен не басқа мұғалім тәлімдік әңгімесін айтып жатқанда, көзіңізді алартпаңыз. Басқа мұғалім ескерту жасаса, онымен тәжікелеспей, маған келіп айтыңыздар, жағдайды өзім шешемін.
28-ереже. Үй тапсырмасына байланысты сұрақтарың босла, кез келген уақытта маған хабарласыңыздар. Егер телефонға жауап бермей жатсам, былай хабарлама қалдырыңыздар. "Сәлеметсіз бе, Кларк мырза, бұл __________. Маған __________ үй тапсырмасы бойынша көмек керек. Маған сағат __:00 дейін хабарласа аласыз. Рақмет!" Бұл хабарламаны он төрт рет қалдырудың қажеті жоқ.
29-ереже. Этикет әліппесін сақтаңыз. Үстелде отырудың бірнеше ережесі бар, оны мына сілтемеге өтіп оқи аласыз.
30-ереже. Тамақ ішіп болған соң, орнымызды жинаймыз. Үстелді тазалап, айналсына, еденге қоқыс түсіп қалмады ма деп тексереміз.
31-ереже. Қонақ үйге барсақ, төсек-орнымызды тазалағаны үшін қызметкерлерге шайпұл қалдыру.
32-ереже. Автобуста үнемі алға қарап отырамыз. артқа, басқа оқушыларға бұрылып қарамаймыз. Терезеге ештеңе жабыстырмаймыз. Орнымыздан тұрмаймыз. Автобустан шыққанда жүргізушіге алғыс айтып, күні жақсы өтуін тілейміз.
33-ереже. Әртүрлі жерге барғанда алуан түрлі адамды кездестіреміз. Мен сіздерге біреуді таныстырсам, оның есімін жаттап алыңыздар. Қоштасарда қолын алып, атын атап тұрып "сау болыңыз" дейміз.
34-ереже. Асханада не сыныпта тағамнан ауыз ти деп берсе, өз үлесіңізден артық алмаңыз. Басқаларға да жетуі керек.
35-ереже. Мектепте не басқа жерге барғанда біреу бір жерін жарақаттап алса, оны орнынан көтеріп, көмек көрсетіңіз. Бұл сыпайылық белгісі.
36-ереже. Егер есік "өзіңізге қарай" ашылатын болса, есікті ашып, жанында тұрып, артыңызда келе жатқан адамды өткізіңіз. Ал "өзіңізден ары қарай" ашылатын болса, шыққан соң есікті ашып ұстап тұрыңыз.
37-ереже. Егер біреу сізге соқтығысса, ол кінәлі болса да сіз "кешіріңіз" деңіз.
38-ереже. Саяхатқа шыққанда, ғимарат ішіне кірсек, өлі тыныштық орнатамыз. Тіпті біздің кіргенімізді адам байқай алмайтындай болуы керек. Бұл ереже кез келген қоғамдық ортаға, театрға, кинотеатрға, шіркеуге барғанда орындалуы тиіс.
39-ереже. Саяхатқа шыққанда мақтау сөздер айтып жүруіміз керек. Мысалы біреудің үйіне барғанда үй иесіне пердесі әдемі екенін айтуға болады. Аяқ астынан қонақ келгенде барлығы ыңғайсызданып қалады, ол өзін жайлы сезінуі үшін осындай сөздермен жуып-шайып жіберсек жарайды. Мұражай не театрға барсақ, архитектурасы өте жақсы құрылғанын айтамыз.
40-ереже. Жиналыс кезінде сөйлеспейміз, жан-жағымызға жалтақтамаймыз, басқа сыныптың балаларының назарын аударып, алаңдатпаймыз.
41-ереже. Үй телефонына қоңырау түскенде, мынадай мәнерде сөйлескен дұрыс. "Сәлеметсіз бе! Бұл Кларковтар үйі". Қоңырау шалған адам кімге хабарласқанын айтады. Оған: "Иә, ол осында. Кім хабарласып жатыр дейін? Күте тұрыңыз, қазір шақырамын" деп, телефонды дыбыссыз режимге қойып не микрофонды қолыңызбен жауып тұрып, сұраған адамды шақырасыз.
42-ереже. Саяхаттан қайтқанда менімен және басқа барлық мұғаліммен қол алысасыздар. Сіздермен бірге өткізуге уақыт тапқаны үшін алғыс айтасыздар. Мен сіздерден алғыс күтіп тұрған жоқпын, жай ғана басқаларға ризашылықтарыңызды білдіруді үйреткім келеді.
43-ереже. "Оң жақта тұрып, сол жақпен жүреміз". Эскалатормен көтерілгенде оң жақ бүйірінде тұрамыз. Осылай асыққан адамдар сол жағынан өтіп кетуіне мүмкіндік береміз. Жеделсатыға, жерөткелге, басқа да есіктерге кірерде алдымен ішіндегі адамдардың шығуын күтеміз, содан кейін өзіміз кіреміз.
44-ереже. Сапта тұрғанда алдыңғы адамнан 1-2 қадам кейін жүреміз. Қол жанымызда, басымыз алға қарайды. Бұл кезде сөйлесуге тыйым салынады.
45-ереже. Ешқашан кезек ретін бұзбаймыз. Егер біреу кезексіз сіздің алдыңызға өтіп кетсе, ештеңе істемеңіз де, айтпаңыз да. Жай ғана маған айтыңыз. Егер кезекті бұзған адаммен тәжікелессеңіз, кінәлі сіз боласыз.Алдымен маған айтуыңыз керек.
46-ереже. Кинотеатрға барғанда қандай жағдай болса да сөйлесуге болмайды. Фильм қаншалықты жақсы болса да, көршіңізге әлдене айтқыңыз келсе де, сыбырласуға тыйым салынады. Аяғыңызды алдыңғы креслоға қоймаңыз. Егер фильм кезінде бір нәрсе жегіңіз келсе, барынша дыбысын шығармай жеңіз. Ал кәмпит алып кірсеңіз, фильм басталам дегенше оның сыртын ашып қойыңыз. Фильм кезінде телефонға қоңырау келсе де, бұл басқа адамдарға кедергі келтіреді.
47-ереже. Мектепке чипсы алып келмейміз.
48-ереже. Мектепте бір бала мазаңызды алса, маған айтыңыз. Мен сіздің ұстазыңызбын, мұнда сізге қамқор болатын, қорғайтын мен бармын. Бұл мектепте сізге ешкім зиянын тигізбеуін мен қадағалаймын. Сол себепті бұл істі маған қалдыруларыңызды сұраймын.
49-ереже. Өз бағытыңызды ұстаныңыз. Дайын шешіммен жүруге міндетті емессіз. Ақылыңыз бен жүрегіңіз дұрыс деп тапқан бағытты таңдау.
50-ереже. Позитивті болып, өмірден ләззат алыңыз. Кей жағдайлар тіпті көңіл бұзуға да тұрмайды. Өз әлеуетіңізді ойлап, өмірдің тек жақсы жақтарын көре біліңіз.
51-ереже. Өкінер ешнәрсе болмағандай өмір сүріңіз. Күдік, қорқыныш не басқа да кедергілер жолыңызды бөгемесін. Қажет еткен нәрсеңізге қол жеткізгенше күресіп өтіңіз. Бір нәрсе жасағыңыз келсе, міндетті түрде жасаңыз. Арманыңызды жүзеге асырғанша бір тынбаңыз.
52-ереже. Қателіктерден сабақ алып, алға қарай жылжи түсіңіз.
53-ереже. Кез келген жағдайда адал болу маңызды. Тіпті дұрыс емес істесеңіз, мұны маған айтыңыз, сол үшін де сізді құрметтеймін.
54-ереже. Әр сәтті пайдалана біліңіз. Бұл күн қайта келмейді, сондықтан ол уақытты бос өткізу жарамайды. Өмір ерекше сәттерден тұрады. Адамдар бір күнмен өмір сүруіне болмайды.
55-ереже. Барынша жақсы адам болуға тырыс!
@. @assel_assanova