Рон Кларк. Этикет әліппесі

Рон Кларк. Этикет әліппесі
Фото: massaget.kz

Алдыңғы жазбада америкалық педагог Рон Кларктың  "Үздік ұстаздың әр баладан керемет оқушы шығара білу ережелерін" жариялаған едік. Ондағы 29-ереже этикет әліппесіне байланысты болатын.

"Үстелде отыру тәртібіне байланысты бірнеше ереже бар. Мен оны этикет әліппесі деп атаймын.

А. Үстелге отыра салысымен қағаз майлықты тізеңізге төсеңіз. Қағаз майлыққа қасық-шанышқылар оралып тұрса да, оны алып тізеңізге жайыңыз.

В. Тамақ ішіп болған соң майлықты үстел үстіне тәрелкеңіздің сол жағына қойыңыз. Бүктемелемеңіз, себебі ол екінші рет пайдалануға жарамайды. Умаждаудың да қажеті жоқ, өзіңізді салақ көрсетпеңіз. Ешқашан қағаз майлықты орындыққа қалдырмаңыз. Бұл тым лас екенін көрсетеді. Кей мәдениетке сәйкес, майлықты орындыққа қалдыру ол мейрамханаға енді қайта келмейтінінің белгісі.

С. Шынтағыңызды үстелге қойып отырмаңыз.

D. Тамақты бір қолыңызбен жеңіз. Тағамды бөлуде не нанды сындыруда ғана екінші қолды пайдалануға болады. Ешқашан шанышқыны бір қолға, стақанды екінші қолға ұстамаңыз.

E. Саусағыңызды жаламаңыз. Оны тазарту үшін арнайы қағаз майлық берілген.

F. Тамақ жегенде шапылдатпай, аузыңызды жауып жеңіз.

G. Аузыңызды ашып шайнамаңыз.

H. Ауызға тамақ толтырып алып сөйлемеңіз. Алдымен жұтып алыңыз.

I. Тісіңізге бір нәрсе тұрып қалса, оны шұқылаудың қажеті жоқ. Алдымен қол жуатын жерге барып тісіңізді тазалаңыз.

J. Сылпылдатпаңыз.

K. Тамақпен ойнамаңыз.

L. Егер шанышқа, майлық не басқа нәрсе еденге түсіп кетсе, оны алмаңыз. Едендегі нәрсені қайта үстелге қою тәртіпсіздік белгісі. Жердегі нәрсені алсаңыз да оны дереу даяшыға беріп, кешірім сұрап, қолыңызды жуып келіңіз. Мұндай жағдайда бәрінен дұрысы түсіп кеткен нәрсені алмастырып әкелуін даяшыдан өтіну.

M. Пицца, печенье, нан, жүгері собығы, хот-дог, гамбургер, сэндвич, фри, алма, апельсин ескілді жемістер, осы тағамдарды ғана қолмен жеуге рұқсат, басқаларының барлығын жегенде қасық, шанышқы қолданыңыз.

N. Ешқашан біреудің тәрелкесіне қарай қол созбаңыз. Қажет босла: "Тұзды алып беріп жібересің бе?" деп өтініңіз.

O. Отырмай тұрып подностан тамақ алып жемеңіз.

P. Егер мейрамханадан тамақтансаңыз, үстелде отырған барлық адамның тапсырысы  келмейінше тамақты бастамаңыз.

Q. Кезектің тым көптігіне, тамақ аса дәмді емес болуына не оны ұзақ күткеніңізге шағымданбаңыз. Көңіліңіз толмаса да, басқалар осы кештен көңілді оралуына кедергі келтірмеуіңіз керек.

R. Тамақты қай құралмен жеуді білмесеңіз, бірінші тұрған құралдан бастаңыз. Сол жағынан бастағанда салат жейтін шанышқы, одан соң түскі асқа арналған шанышқы, оң жағында сорпа ішетін қасық, оның жанында шай қасық, одан соң салат пышағы және түскі ас пышағы тұрады. Тәрелке жанындағы аспаптар десертке арналады.

S. Тамақ ішіп болған соң, тәрелкені итеріп қоймаңыз. Тойғаныңызды білдіргіңіз келсе, шанышқы мен пышақты көлденеңінен тәрелкенің үстіне қойыңыз.

T. Пайдаланылған қасық-шанышқыны орнына қайта салмаңыз. Оны тәрелкеде қалдырыңыз.

U. Пайдаланбаған ыдысыңыз болса, оны тәрелкеге жинаудың қажеті жоқ, орнында тұра берсін.

V. Тапсырыс бергенде даяшының көзіне қараңыз. Шығарда алғыс білідіріңіз.

W. Даяшы өзін таныстырғанда есімін жаттап алыңыз. Қажет кезде атын атап шақырыңыз.

X. Егер тысқа шыққыңыз келсе, үстелден тұрарда "Кешіріңіздер" деу керек.

Y. Десертке не салатқа қандай соус қалайтыныңызды сұраса, "Қай түрін таңдасам болады?" деп сұрап алыңыз. Сонда мейрамханада жоқ нәрсені айтып, даяшыны ұялтпайсыз.

Z. Даяшымен құл секілді етіп емес, сыпайы, мәдениетті түрде сөйлесіңіз".

@. @assel_assanova