- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мұғалімдер күнінің шығу...
Мұғалімдер күнінің шығу тарихы
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі һәм бірегейі Мағжан Жұмабаев: «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. Ал мектептің жүрегі – ұстаз екенін бәріңіз де жақсы білесіздер. Мінеки, бір жылды бір айналып мұғалімдер күні де келіп қалды. Ендеше еліміз бен жеріміздің, өркениетіміз бен мәдениетіміздің дамуына мол үлес қосып жүрген осы бір асыл жандардың мерекесі туралы азды-көпті мағлұмат беруді жөн көріп отырмыз.
Алғаш рет «Дүниежүзілік мұғалімдер күні» 1994 жылдың 5 қазанында тойланған. Содан бері барлық мерекелік кеш, мектепшілік іс-шаралар дәл осы күні аталып келеді. Негізі бұл мейрам 1965 жылдан бастап Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында бесінші қазанға бекітілген болатын. Алайда 1980 жылдың 1 қазанында КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығы бойынша «мұғалімдер күні» қазан айының бірінші жексенбісіне қойылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де Қазақстан, Әзірбайжан, Белорусия, Қырғызстан, Латвия және Украина елдері бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде тойлап жүр.
Сонымен қатар Мұғалімдер күнінің тағайындалуына 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды.
Мұғалімдер күні – ең ерекше мерекелердің бірі. Осы орайда massaget.kz сайтының ұжымы білім нәрімен сусындатып жатқан барша мұғалімді келе жатқан төл мерекесімен шын жүректен құттықтайды.
Ж. Исакаев