- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- «Мақсатыңа Массагетпен бірге...
«Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауына қатысуға шақырамыз!
Массагет порталы өткен жазда қолға алған ірі жобалардың бірі – «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауын биыл қайта жалғастырады. Бүгіннен бастап бұл додаға қатысатын топтарға қосылуыңызға болады.
Өткен жылы «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауына 5 топ қатысқан болатын. Барлығын қоса санағанда 40-тан астам үміткер бақ сынады. Бақ сынап қана қоймай, жақсы дос, сыйлас, сырлас жандарға да айналды. Командалық ойын көрсетіп алғырлықтарын, мақсатқа жету жолындағы талпыныстарын байқатты.
Негізінен бұл байқаудың басты мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын пайдалы өткізуіне, тұлға болып қалыптасуына әсер ету, алдына айқын мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетпейінше тынбай еңбектенуге баулу. Байқау барысында қатысушылар мақсатқа жету жолдарын ұғынып қана қоймай, блог жазуды, шығармашылық ой-өрісін кеңейтуге, жазуға машықтануға мол мүмкіндік алады. Бүгінгі жас – еліміздің ертеңі. Ал еліміздің болашағы жарқын болуы үшін зерделі, алдына қойған мақсатына міндетті түрде жететін азаматтар қажет. Ол азаматтар - сіз бен біз.
«Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауының өткен жылғы ережелері өзгеріссіз сақталады. Байқаудың аты айтып тұрғандай қатысушы алдына осы жазда орындалатын бір немесе бірнеше айқын мақсат қояды. Сол мақсатына Массагет оқырмандарымен бірге жетеді. Олай болса, байқау шартымен таныстырайық:
1. Жазғы уақытын пайдалы істерге жұмсауды мақсат тұтқан, байқауға қатысуға тілек білдірген оқушы өз аты-жөнін және таңдайтын жетекшісі туралы төмендегі пікір алаңына хабарлама қалдырады. Тіркеу 16 маусымға дейін жалғасады.
2. Байқау оқушылардың өз уақытын тиімді пайдалануына бағытталғандықтан, тек мектеп жасындағы балалар қатыса алады.
3. Биыл байқауға жетекшілердің тағайындалуымен 3 топ қатысады. Ал бір топ өткен жылғы қатысушылар арасынан жасақталмақ. Өткен жылғы 5 топтың қатысушылары ұйымдаса келе бір топ жасақтап қатысуына мүмкіндік бар. Өзге топтарға қосылып қатысқысы келсе де ерік өзінде.
4. Әр қатысушы тіркелу барысында өзіне жетекші таңдайды. Жетекшілер оқушыларға қолдау көрсетіп, көмектесіп, бағыт беріп отырады. Ескере кететін жайт, жетекшінің қай саланың тілшісі екені маңызды емес. Төмендегі үштіктің ішінен өзіңіз қалаған тілшіні таңдай аласыз.
– «Сәйгүлік» тобына Ернар Алмабек жетекшілік етпек. Ол сурет пен видео түсіру және оларды өңдеудің қыр-сырын үйретеді. Сонымен қатар, кино мен мультипликацияға, трекинг пен саяхатқа, тарих пен қолөнерге қызығушылығыңыз болса, осы топқа жазылғаныңыз жөн. Алған бағытынан тосылмай, ұзаққа шабатын жүйрік жастардың орны «Сәйгүлікте»!
– «Кемеңгер» тобының жетекшісі Әсел Асанова оқушыны сауатты жазба жазуға, кітап оқып, фильм көріп, оларға рецензия жазуға, сұхбат алуға, бір сөзбен айтқанда журналистік шеберліктің қыр-сырын меңгеруге баулиды. Сонымен бірге, жаз мезгілінде әртүрлі аспапта ойнап, темір тұлпар тізгінін ұстап, ас әзірлеу қасиеттерін игеремін деген жауапкершілігі мол оқушыға да құшағымыз ашық. Көкірек көзін кеңейткіңіз келсе, «Кемеңгерге» келіңіз.
Гүлжанар Берік өз тобын «Кен» атауды жөн деп тауыпты. Бұл топта аспаздық өнерді меңгеріп, іс тоқумен айналысып, қолөнермен шұғылдануға, сонымен қатар, меңгерген қабілетті пайдаға асыра білуге мүмкіндік бар. Оған қоса, білім көкжиегін түріп, шет тілін игеріп, гитара аспабын тартуға және логикалық тапсырмаларды (судоку) шешуге, энциклопедиялық сауат ашуға үлес қосамыз. Бастысы, мақсатқа жету жолында кедергі туса, «Б жоспарын» құруды да үйренеміз. Ал топтың атауы қызықтырса, ол мынадай мағына үстейді: «Кен» – байлық, қабілет-қарымға байып, білім көкжиегімізді арттырамыз. Көкжиек демекші, "ken" сөзі ағылшын тілінде «білім көкжиегі» деген мағынада жұмсалады. Сонымен білім байлығының алаңында, көкжиек даңғылында сізді күтеміз.
5. Қатысушылар белгілі болып, жетекшілер таңдалған соң команда жасақталады. Әр команда өзіне ұран шығаруына болады.
6. Қатысушы апта сайын өз мақсатына қалай жетіп жатқандығын көрсететін блог жариялайды.
7. Аптаның ең үздік қатысушысы анықталып, дүйсенбі сайын қорытындысы шығып отырады. (Командалық есеп, жеке есеп).
8. Қатысушылар өз мақсатына жету үшін әрекет жасап жатқанын сурет, видео, рецензия және т.б. арқылы дәлелдейді (бұл мақсатының қандай екендігімен байланысты). Қатысушылар өз мақсаттарын 15 тамызға дейін орындап шығулары тиіс. Ал соңғы кезеңінде портал тарапынан таңдаған мақсаттарына қарай арнайы тапсырма берілетін болады.
9. Бағалау жүйесі:
100 көрілім = 1 ұпай
қолданушының 1 пікірі = 5 ұпай (қолданушының 1 пікірі ғана есепке алынады)
1 лайк = 2 ұпай
редакция тарапынан = 10 ұпай (10 блогқа)
жанкүйерлер блогы = 10 ұпай
Апта сайын жетекшілерге 10 балдан беріледі. Әр жетекші өзінде бар ұпайын лайық деп шешкен қатысушыларға үлестіруі керек.
Ескерту: Жетекші өз тобындағы қатысушыға ұпай бере алмайды.
Блогтардың ұпай есептелу нәтижесі жексенбі күні түнгі сағат 00:00-де тоқтайды.
10. Байқау барысында жалған аккаунтпен жазған пікір мен лайк сандарының ұпайы алынып тасталып қана қоймай, қатысушылар 100 ұпайынан айырылатын болады. Сонымен қатар оның ұпайы командалық есептен шегеріледі. Әр қатысушыға жазылған пікір мен лайк иелерінің IP мекен-жайлары бақылауда болады.
11. Ойыншы топтан шығатын болса, оның жинаған ұпайы команданың жалпы есебінен шегеріледі.
12. Бағалау барысында әділетті болуы үшін жанкүйерлердің де, қолданушылардың да, редакцияның да бағасы ескеріледі. Байқау нәтижесі білім күні қарсаңында белгілі болады. Байқау қорытындысының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталады. Сонымен бірге, қатысушыларға арнайы сыйлықтар да беріледі.
Жарыс барысында байқауға қатысушылар жайлы тың жазбалар мен біз білмейтін қырлары туралы қызықты ақпараттар жарияланып тұратын болады.
Байқау шарттарын толық түсіну үшін, өткен жылы жазылған блогтармен таныссаңыз болады.
Қосымша сұрақтар бойынша мына нөмірге хабарласа аласыздар: +7 (702) 500 76 95.
Құрметті оқырман, өзіңіз мектеп жасындағы оқушы болсаңыз немесе бауыр-қарындастарыңыз болса, байқауға қатысуға шақырамыз! Мақсаттарыңызға Массагетпен бірге жетіңіздер!
О. Сансызбай