- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Көшбасшы атанғыңыз келсе......
Көшбасшы атанғыңыз келсе...
Бірер күн бұрын сүйікті сайтымызда "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" атты жаңа жоба басталғанын білесіздер. Жобаның мақсатын әріптесім Ернар жақсы айтып өтті. Расымен де, жетекші таңдау оңай емес екендігіне көзіміз жетті. Өйткені байқауға қатысып, бағын сынап жатқан достарымның бәрі көзі ашық, көкірегі ояу, саналы азаматтар. Өз істерінің білікті мамандары. Алайда дана халқымыз "жүйріктен жүйрік озар жарысқанда" дейді ғой. Сайыс болғандықтан біреуі озып, біреуі қалуы заңды. Осы орайда мен де өз ойымды білдіріп, сіздерге азды-көпті кеңес бере кеткім келіп отыр.
Суреттегі жігітті жақсы танитын шығарсыздар. Ол - сайтымыздағы талай бастамалардың басты рөлінде жүретін Ербол Жұмабайұлы. Олай дейтін себебім, бұл жігіттің бойынан бір емес, бірнеше өнерді кездестіруге болады. Атам қазақ "жігітке жеті өнер де аз" деп бекерден бекер айтпағанын Ерболға қарап біле аласыздар. Мәнерлеп өлең оқығанда құлақ құрышын қандырып, сөйлегенде сөздің майын тамызып тұрып сөйлейді. Сонымен қатар қашанда тың идеялар ұсынғанды жақсы көреді. Осы жан-жақтылығының, ізденімпаздығының арқасында Ерболдың жеткен жетістіктері де аз емес. Өзі білім алған ордада 3 жыл бойы студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының басшысы (Жоғары Студенттер Кеңесі төрағасының орынбасары, Студенттік декан) және Түркия Республикасы, Анкара қазақ жастарының негізгі модераторы болды. Ал қазіргі ең үлкен жетістігі деп күні кеше ғана білімнің қан тамыры, ғылымның Хан-Тәңірі атанған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін кілең бестікпен, қып-қызыл дипломмен бітіргенін айта аламыз. Осының өзі Ерболдың еңбексүйгіш, оқуға деген ерекше ынтасын көрсетеді. Ол кез келген ортаға тез бейімделіп, адамдармен жақсы тіл табысып кете алады. Ерболды ертең биік-биік мінбелерден көретінімізді мол сеніммен айта аламын.
Қазір оның құрамасында Алдияр Байменов, Мәлік Сейітбек, Аяжан Бәзілжанова, Жадыра Марат, Жұлдызай Мұсаева секілді журналистиканың қыр-сырын жетік меңгеріп келе жатқан шәкірттері бар. Абай атамыз "естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады" деген екен. Сондықтан өрелі ой, келелі кеңес бере алатын Ербол Жұмабайұлымен бірге алға қойған мақсатыңызға жетіп, көшбасшы атаныңыз. Іске сәт, достар!
Ж. Исакаев