- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Жаңа мектепке қалай...
Жаңа мектепке қалай үйренісуге болады?
Түрлі себептермен балалар мектеп ауыстырып жатады. Үйреншікті жайт болғанмен, кейбір оқушылар үшін, әсіресе, жоғары сыныптың оқушылары үшін кейде үлкен проблемаға айналады. Сондықтан, бүгінгі тақырыбымыз осы мәселе төңірегінде болмақ.
Жаңа мектепте бәрі бейтаныс: ғимарат, сыныптастар, оқу кабинеттері, мұғалімдер. Сол себепті, бір күн бұрын сабақ кестесімен, сынып жетекшісімен танысып, сабақ өтетін кабинеттердің қайда орналасқанын біліп алғаныңыз жөн.
Келесі күні ертерек келіп, сыныптастарыңызбен танысып алғаныңыз абзал. Жасөспірімдер бір-бірін, әсіресе, жаңадан келген балаларды сынауға құмар болады. Сізге де осындай «тосынсый» жасаса, сыр бермей, өзіңізді салмақты ұстауға тырысыңыз. Барлық оқушылармен бірдей қарым-қатынас жасауға тырысыңыз. Төмен қарап, жасып, сасқалақтамаңыз, сәл жымиып, байсалды кейіпте болғаныңыз абзал. Бірден ата-анаңызға не сынып жетекшісіне арызданатын болсаңыз, сізді қорқақ деп ойлап қалуы мүмкін. Алғашқы сынақтан сүрінбей өтсеңіз, әрі қарай жолдастарыңызбен тіл табысып кетесіз. Олардың есімдерін есте сақтауға тырысыңыз. Әңгімелескенде өз пікіріңізді білдіріңіз. Алайда «өтіріктің құйрығы бір тұтам» демекші, бос нәрсені айтып, бөсіп кетуден аулақ болыңыз.
Кейбір сыныпта бейформалды көшбасшылар (староста емес) болады. Үйреніскенге дейін олармен өзіңізді бейтарап ұстаңыз.
Үлкен үзілісте асханаға жалғыз бармаңыз. Сабақтан шыққаннан кейін бірден үйге кетіп қалғаныңыз абзал. Себебі, сізді «жаңа» сынақтар күтуі мүмкін. Төбелесіп, күшті екеніңізді «дәлелдеп», абырой таппайсыз. Мектепке білім алу үшін келгеніңізді ұмытпаңыз. Сізді бопсалап, ақша талап етсе, қарсылық танытыңыз. Елімізде барлық баланың құқығы бірдей.
Сабаққа жақсы дайындалыңыз. Егер бойыңызда бір талантыңыз болса, мектептегі үйірмеге қатысқаныңыз дұрыс.
Сурет: blogspot.com
Оқи отырыңыз:
Жасөспірімдерге кеңес. Ішкі агрессияны қалай ауыздықтауға болады?
Ф. Абилова