- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Біздің командаға қосыл!...
Біздің командаға қосыл!
Уақытымызды үнемдеп, әр сәтімізді қызықты етіп өткізу үшін Массагет порталы оқушыларға арналған «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!» атты байқау ұйымдастырған болатын. Байқаудың басты мақсаты - оқушылардың жазғы демалысын пайдалы өткізуіне, тұлға болып қалыптасуына әсер ету, алдына айқын мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетпейінше тынбай еңбектенуге баулу. Бүгінгі жас - еліміздің ертеңі. Ал еліміздің болашағы жарқын болуы үшін зерделі, алдына қойған мақсатына міндетті түрде жететін азаматтар қажет. Ол азаматтар - сіз бен біз.
Байқау шартына сәйкес, қатысушылар өзіне жетекші таңдауы тиіс болатын. Алдағы уақытта әр жетекші өз командасына бағыт сілтеп, демеуші болады.
Ербол Молдажанов:
Арман - адамның биік шыңға қондыратын қанаты. Бала кезден арманын айқындап үлгерген жанның өмірде адаспасы анық. Мен бала кезімде көш бастайтын тұлға болуды жиі армандайтынмын. Арманымның бір парасы орындалып, студенттік өмірде өзін-өзі басқару ұйымдарында түрлі қызмет атқарып, көшбасшылық қабілеттің сырын ұқтым. Әрі асыл арманды ғасыл мақсатқа айналдырып, сол мақсатқа жету жолында аянбай тер төксең, жетістік алдыңнан күліп қарсы алатынын түсіндім. Массагет қаламы қолыма тигеннен кейін, алдымнан жаңа асулар бой көтерді. Ал бүгін, биік белестерге Массагет оқырмандарымен бірге қол созудың сәті түсті. Ендеше, Массагетпен бірге арманыңыз мақсатқа, мақсатыңыз мағыналы өмірге айналсын, қадірлі оқырман!
Нұрбол Нұрмаханұлы:
Өмірді өзгерту қашан да қиын болған. Алайда сен әрекет жасап көрдің бе? Арманыңа жетер жолда түрлі қиындыққа тап боласың. Алдыңнан алынбас қамалдар кезігіп, жаның ауырады. Ең ақырғы үмітің үзілген кезде өзіңді дәрменсіз сезінесің. Бұл - өмір заңдылығы. Сәтсіздіктер жаңа жетістіктерге жетелейді. Қатты қиналсаң да, арманыңнан бас тартпа. Қолымнан келмейді деп қорықпа. Өзіңе, күшіңе сен. Арман - жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ. Жарық жұлдызға жетер жолда жігерің жасымасын. Арманыңа жету үшін аянбай күрес. Сенің қолыңнан бәрі де келеді!
Қарлыға Бүйенбай:
Өмірге адам болып келген соң адам болып қайту ләзім. Әр адамның бұл өмірде келудегі мақсаты бар. Ол сол мақсатына жеткен кезде ғана бақытты болады. Он екі мүше барлық адамда жоқ шығар, алайда мақсат бәрімізде болуы керек. Әлемде адамдардың үш типі болады. Болып жатқан құбылысқа таңданушылар, сол құбылысты жүзеге асырушылар және сол құбылыстың жүзеге асып жатқанына қуанушылар. Осылардың ішіндегі ең мықтылары – құбылыстың жүзеге асуына атсалысушылар. Олай болса, неге әлемді өзгертіп көрмеске? Барлығы өзімізге, қалауымызға, ниетімізге байланысты. Әлемді өзгерту үшін өзімізді өзгертуіміз керек. Құрметті оқырман, арада 5-10 жыл, тіпті ғасыр өтсе де, өкініп қалмас үшін қалағанымызға қол жеткізуге мүмкіндік беретін ерік-жігерімізді бүгіннен бастап тәрбиелейік. Әлем біз секілді адамдардан құралған. Сол әлемді өзгерту үшін біз өзімізді өзгертуіміз керек. Мақсатымызға бірге жетейік!
Жолдас Өрісбаев:
Өмірдегі мақсатым - қазақ қоғамының интеллектуалдық деңгейін көтеру. Әрбір қазақ баласы еліміздің даму үдерісіне өз үлесін қосу үшін энциклопедиялық біліммен сусындауы тиіс. Бір салалы маман болғанша, эрудициясы жоғары көпсалалы білгір атанған әлдеқайда жақсы. Жас кезде алған білімнің болашақта азық боларын барлығыңыз білесіздер. Сондықтан мектеп жасынан бастап "вундеркинд" атануға күш салып, еңбектену қажет. Тарих, география, мәдениеттану сынды қоғамдық ғылымдармен қатар, жаратылыстану ғылымдарын да меңгерген жөн. Себебі өмір жолы сізді қай бағытқа бұрып жіберетінін білмейсіз. Кез келген салаға бейімделу үшін жасөспірімдерге әмбебап білім қажет болады. Мен сізге осы бағыттың өктем екенін танытпақпын. Белсенді оқушылар қатысатын байқауда мен жетекшілік ететін "Эрудит" тобына қосылып, алдағы екі ай барысында біліміңнің интеллектуалдық деңгейін арттыру жолында еңбек ет.
Шерхан Талап:
Марқұм Әмірхан Балқыбек ағам соңынан ерген інілеріне көңілі толған кезде «Сен ұлы қазақсың, ей!» деп арқасынан қағатын. Ол кісі әр қазақ баласының мықты болғанын қалайтын. «Тірі энциклопедияға» айналған тұлғаның сол сөзін есту үшін осал болмауға тырыстық. Рас, білекке сенген заманда ешкімге есе бермеген елдің ұрпағы, білімге сенген дәуірде де қапы қалмауы қажет. Ол үшін «сапалы қазақ» болудың жауапкершілігін сезіне білсек болғаны. Әр адам ерекше жаратылыс иесі. Тек біз өз мүмкіндігімізді толық пайдалана алмай келеміз. Асылында, ол үшін жарға итерген жалқаулықтан, етектен тартқан еріншектіктен ада болмақ керек. Өзіңді өзгерту өмірді өзгертуге бастайды. Біздің армандарымыз – күллі бір ұлттың арманы. Өзіңді өзгертуді бүгіннен баста. Қадірлі жас дос, арманға бастар сапарың сәтті болсын! Еркін ұш, биік самға. Есіңде болсын: Сен - ұлы қазақсың!
Құрметті байқауға қатысушылар, сіздерге сәттілік тілейміз! Жолдарыңыз болсын!
Қ. Бүйенбай