- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Биыл 405 мыңнан...
Биыл 405 мыңнан астам бала алғаш рет мектепке барады
Биылғы оқу жылында 3 миллионнан астам бала білім алады. Оның ішінде 405 мыңнан астамы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
"Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындалу бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатыр. Оның ішінде: оқулықтармен қамтамасыз ету жұмысын жүргізу, білім беру нысандарын пайдалануға беру, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері", - дейді министр.
А. Аймағамбетов сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар мәселесіне де тоқталды.
"Мектепке дейінгі тәрбие бойынша, 2018 жылғымен салыстырғанда, мектепке дейінгі ұйымдар желісі 279-ға көбейіп, контигент 906 мың балаға жетті. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95,2% құрайды. Қабылданған шараларға қарамастан, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларының, Түркістан мен Алматы облыстарының мектепке дейінгі ұйымдарында кезек әлі де сақталуда. Мемлекеттік балабақшаларға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Күрделі жөндеу 49 балабақша бойынша қарастырылған. Оның 33-інде күрделі жөндеу қазіргі уақытта аяқталды. Қалғандарының жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында шегіне жетеді. Жалпы, мектепке дейінгі ұйымдар жаңа оқу жылына дайын", - дейді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, 405 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.
Massaget