- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Әр сыныпта осындай...
Әр сыныпта осындай оқушы бар
Мектеп – оқушының жарты күні өтетін жер. Баланың барлық өмірі мектеппен, оқушылармен, ұстаздармен тығыз байланысты. Сыныпта қанша оқушы болса, сонша мінез болады. Ендеше мектеп өміріне үңіліп, әр сыныпта кездесетін оқушы түрін талдап көрейік.
Әр сыныпта сабағын үздік оқитын сыныптың мақтанышы болады. Оны барлық оқушы сыйлайды, одан бәрі үй тапсырмасын көшіріп алуға дайын тұрады. Әдетте ондай оқушы көбіне көзілдірік тағады, тәртіпті, таза жүреді. Оқу озаты мектептің қоғамдық шараларына белсене қатысады. Ел алдына шығып, сөз сөйлеуді ұстаздар дәл осындай жауапкершілігі жоғары оқушыларға сеніп тапсырады.
Әр сыныпта сұлу, сымбатты оқушы болады. Ол көптің арасынан мінсіз мүсінімен, көрікті келбетімен ерекшеленіп тұрады. Ондай оқушыларды ұстаздар әдетте "Мектеп аруы", "Қыз сыны", "Жігіт сұлтаны" сияқты байқауларға қатыстырады. Сұлу оқушылар көбіне биге, спортқа жақын болады. Бұндай оқушы ұлдар мектептегі көп қыздың арманына айналады, ал бұндай қыздарға жігіттер көз салмай өтпейді.
Әр сыныпта мектептің қоғамдық өміріне белсене араласатын өнерлі, табиғатынан дарынды оқушы болады. Ол көбіне сайыстарға қатысып, мектеп намысын қорғайды. Ондай оқушының алған марапатында шек жоқ, әдетте ол дипломдарын бір папкаға жинап қояды.
Әр сыныпта сылқым оқушы болады. Өз-өзін күтіп-баптап, боянып, шашын түрлі түске бояғанды ұнататын, сәнмен киінетін оқушылар барлық сыныпта бар. Ондай оқушы ұстаздардан, мектеп директорынан үнемі ұрыс естумен болады. Бірнеше мәрте мектеп жиналысына түседі. Бұндай ұл оқушыға басқа ұлдар күліп, тиісіп жатады әрі өзі ұлдарға қарағанда, қыздармен бірге жүргенді ұнатады.
Әр сыныпта жуас оқушы болады. Ондай оқушылар әдетте толық немесе қатты арық келеді. Жуас оқушыны кез келген адам түртіп өтеді. Әдетте ол өзін мазақтап жатқанда күліп отыра береді, кейде жылап қалады.
Әр сыныпта көшбасшы (атаман) оқушы болады. Қыз көшбасшы қыздарды, ұл көшбасшы ұлдарды уысында ұстайды. Ондай оқушыдан басқа оқушылар аяқ тартып, қорқақтайды. Ол – көбіне староста болып сайланады.
Әр сыныпта үлгерімі төмен, екімен оқитын оқушы болады. Ондай оқушы әріпті әрең оқиды, сабаққа анда-санда бір келеді. Үлгерімі төмен оқушының қасына ұстаздар озат оқушыларды отырғызып жатады.
Әр сыныпта зерттеуші оқушы болады. Ол өз қызығушылығына сай белгілі бір тақырып төңірегінде ізденіп жүреді. Өзге оқушыларға қызықсыз болса да, өз ойын айтудан тартынбайды.
Әр сыныпта бұзық оқушы болады. Ол бәріне тиісіп, ұстаздарға сөз қайтарып, бұзықтық жасап жүреді. Ол әдетте мектептегі ең қатал мұғалім мен мектеп директорынан ғана қаймығады, әсіресе жас, практикант ұстаздармен қатар сөйлеп, сабақтың шырқын бұзғанды ұнатады. Бұзық оқушы көбіне ең соңғы партада бәрін бақылап отырады.
Әр сыныпта әңгімеге жақын оқушы болады. Ондай оқушыға айтқан сөз бүкіл мектепке тарап кетеді. "Тоқылдақ" деген лақап аты бар оқушыдан бәрі қашып жүреді. Ондай оқушы бұзықтық жасаған балаларды мұғалімге бірінші болып жеткізеді.
Оқушылардың түрі негізінен осындай. "Әр оқушы өзінше ерекше" десек те, қатардағы қарапайым оқушы болуды құп көретіндер де бар. Олар мектепте өз-өзін көрсетпейді. Кейде мектеп бітіріп кеткен соң адамның екінші қыры ашылып жатады. Екімен оқыған адам табысты адамға айналады, керісінше, мектепте озат болған жан сәтсіздікке ұшырайды. Мектепте жуас болған оқушы ересек өмірде көшбасшы атануы мүмкін.
Сіз қандай оқушысыз?
Р. Роза