Сабақ оқығым келмейді

Оқушы әр жаңа сабақ басталарда тақырыппен танысқан соң, бұл маған болашағыма қандай пайдасы тиюі мүмкін деген қызығушылықпен қарауы қажет. Ал мұғалім жаңа тақырыпты өмірмен байланыстырып, мысалдар келтіріп немесе тіпті әзіл айтып болса да оқушылардың санасын сілкіндіріп, «оятып» алғаны дұрыс. Оқушы сабақ оқығысы келмеуіне не себеп болуы мүмкін?

Бір нәрсеге деген адамның өз қызығушылығы болмаса, оның миын ашып алып, ішіне енгізіп қойса да, қонбайды. Белгілі бір пәнді оқуға мүлде ынтаңыз болмаса, пән мұғалімімен жеке сөйлесіп көріңіз. Шынында да осы сабақты игергіңіз келетін болса, бірақ қолыңыздан келмей жатса қызығушылығыңызды ояту үшін сіз мұғалімге, ал мұғалім сізге көмектессін.

Өмірде барлығы да іргетасқа қатысты. Алдыңыздағы пәнге түсінбеуіңіздің себебі бастапқы курстарын мұқият тыңдамағандықтан болар. Егер математиканы түсінбесеңіз, бесінші сыныптан бастап, физиканы жетінші, химияны сегізінші сыныптан бастап қайта қарап, оқу қажет шығар. Сонда оның қыр-сырына терең үңіліп, басқа жағынан танитын боларсыз.

Қалтаңыз көтерсе, сізге қиындық туғызатын пәнге қосымша курсқа жазылыңыз. Әр мұғаімнің түсіндіру, үйрету тәсілі әртүрлі. Бәлкім, сізге басқа дәріскерді тыңдап көру қажет.

Ал шамаңыз жетпей жатса, басқа жақыныңыз түсіндіріп беруін өтініңіз. Ол анаңыз не басқа досыңыз, парталас көршіңіз болсын – мейлі. Ол сізге өз сөзімен, кітаптағы сөйлемдерден тыс шығып, тақырыпты түсіндіріп көрсін. Осы жол оңай болса, ары қарай өзіңіз-ақ алып кетерсіз.

Кейде бір пәннен беретін мұғалім ұнамаса, оның сабағын да оқығымыз келмейтін жағдай кездеседі. Ойланыңыз, пәнді меңгергеніңіз мұғалімге қарағанда, сізге көбірек керек. Ол кісі айтады-айтады, қалады, сізге нашар бағаларды қояды, жүйкесін жұқартып ұрсар, басқа ештеңесі де кетпейді. Ал болашаққа сауатсыз болып баратын, зардабын шегетін өзіңіз ғана. Сондықтан басы артық мінездерді мектепке арқалап бармаңыз. Мүмкін, «ұрысқақ» мұғалімнің жеке өмірінде қиын жағдай болып жатқан шығар не өткен өміріндегі қиындықтарды ұмыта алмайтын шығар. Бір сәт оның жанын ұғынуға тырысып, жанашырлықпен қараңыз. Алдыңызда жиырма бала сізді тыңдамай жатса, қандай күй кешер едіңіз. Өзіңізді оның орнына қойып көріңіз.

Бәлкім, сіз бұл пәнді болашағыма қажеті жоқ деп ойлайтын боларсыз. Негізінде адам өмірде ештеңені де маған қатысы жоқ деп қарауға болмайды. Болашақта сіз таңдайтын салада жүрген үлкендермен, тәжірибелі кісілермен ақылдасып көріңіз, шынында да қажеті болмады ма әлде мектеп кезінде осыны бекер оқымаған екем деп бармақ тістеген кездері болды ма? Егер жоғары сыныпта оқып, өзіңізге ұнамсыз пән орнына ҰБТ дайындалуды не басқа пайдалы іспен айналысуды жөн деп тапсаңыз, пән мұғалімімен жеке сөйлесіп, ойыңызды байқап жеткізіп көріңіз. Мүмкін, ол кісі де түсіністік танытар. Дегенмен, бұл мәселенің ең дұрыс шешімі деп те айта алмаймыз. Мектеп бағдарламасы, ереже, тәртіп – бәріне ортақ.

Әлде сізге мұғалімнің сабақ жүргізу тәсілі ұнамай ма? Бір сарынды әдістерден жалықтыңыз ба? Онда мұны сынып жетекшісіне не анаңыз арқылы мектептегі ұстаздарға құпия ретінде жеткізіңіз. Батылыңыз жетсе оқу ісі меңгерушісіне не директорге анонимді түрде хат жолдаңыз. Тіпті әр мұғалімнің жеке басына тиіпей-ақ, маған осындай тәсілдер ұнамайды деген секілді мазмұнмен келтіріңіз. Бірақ сын айтарда, ұсынысыңыз қатар жүрсін. Жай ғана мынадай тәсіл ұнамайды деумен шектелмей, былай жүргізсе, осылай өткізсе қызықтырақ болар еді, барлық оқушы қызығушылықпен оқыр еді деген ой-пікіріңізді қатар жеткізіңіз.

Бұл айтылғандардың ешқайсысы көмектеспейтіндей жағдай болса, басқа мектепке көшу нұсқасын қарастырыңыз. Мүмкін, сіздің мектебіңізде сіз қызығатын техникалық пәндері емес, гуманитарлық пәндер ғана тереңдетіліп оқытылатын шығар. Сіз өз ортаңызды таппай жүрген боларсыз. Осы жағдайды ойланыңыз.

«Қолымнан келмейді» деген «істегім келмейді, қаламаймын» деген сөз. Ал шын талпынысы бар адам кез келген қиындықты жеңе алады. Біз өз оқырмандарымызға зор сенім білдіреміз! Сіздің қолыңыздан бәрі келеді!

Ал сіздер бұл мәселенің шешімін қалай табасыздар?