«Ұлан» мен «Ақ желкен» достарын шақырады

Биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналының жарыққа шыққанына 90 жыл, «Ұлан» газетінің қазақ балаларын тəрбиелеп келе жатқанына 85 жыл толды. Осыған орай 23-24 қазан күндері Алматы қаласында «Біз де бала болғанбыз» атты мерейтойлық іс-шаралар өтеді. Оған зиялы қауым өкілдері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, республиканың түкпір-түкпірінен төл басылымдарына жазып, жанашыр болып жүрген мектеп оқушылары мен студенттер қонақ ретінде арнайы шақырылып отыр. 

«Ақ желкен» журналының 90 жылдығын, «Ұлан» газетінің 85 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бұл – аталған газет-журналдың емес, қазақтың тойы ғой деп есептеймін. Біз де бала болғанбыз дегендей, «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газетін оқымаған ұрпақ жоқ. Алдыңғы аға буын, бүгінгі ұрпақ және кейінгі жастар осы басылымдарды қолына бір рет болса да ұстағанына менің сенімім кәміл. Қазақ қара сөзді аса қадірлеген халық қой. Сол себепті мұны ұлттың тойы деп атап отырмыз.

Бүгінгі саяси кеңістікте де, әлеуметтік жағдайда да түрлі бәсекелер болып жатады. Ол бәсекенің ішінде біздің ұлт та бар. Ал енді ұлттың өресін өсіретін не? Ол, әрине, басылымдар. «Біздің игі жақсылардың сөзі қай қазақтың құлағына жетеді?! Олардың барлығын жеткізетін – газет» деп айтқан еді Ахмет Байтұрсынұлы. Сол айтпақшы, қазақтың баласы газет-журнал оқыса екен, игі жақсылардың сөзін санасына сіңіріп өссе екен дейміз біз де. Бала кезінде өзіне лайықты басылымды оқымаған адам есейген соң да үлкен газет-журналдарды парақтамайтыны белгілі. Ұлттың ойы қайда болса ақпараттың ойы сонда, ұлттың мақсаты қайда болса, ақпараттың мақсаты сонда. Осы тұрғыдан келгенде «Ақ желкен» мен «Ұланның» ақпараттық кеңістікті қалыптастыруда, ұлттың санасына әсер етуде, ұрпақтың өсіп-жетілуіне ықпал етуде рөлі үлкен ғой деп ойлаймын.

Мерейтойымызға қазақтың қоғам қайраткерлері, үлкен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, бірқатар жастар қатыспақшы. Сонымен қатар, «Ақ желкен» мен «Ұланның» хат қоржынын толтырып отырған еліміздің әр түкпірінен жас тілшілеріміз келе жатыр. Жас тілшілер, жас оқырман біздің негізгі тірегіміз деп айтуға болады», – дейді «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газетін шығарушы «Жас Өркен» серіктестігінің директоры, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек мырза.

Салтанатты кештің өтетін орны мен уақыты: Алматы қаласы, Абай даңғылы, 14 үй, ҚР Ұлттық кітапханасының үлкен залы. 23 қазан, сағат 14.30. 

Мерейтойға келіңіздер, достар!