Екілік – ең жаман нәрсе емес

Менің қымбатты немерем, мен бұл хатымды ширек ғасыр бұрын сенің анаңа жазар едім... Бірақ мен ол кезде небары 25 жаста болдым. Тек қана отбасымды немен тамақтандырамын, сабақ пен үй шаруаларына қалай үлгеремін деген секілді тұрмыстық сұрақтармен бас қатырып жүре беруші едім. Қазір жасым 50-ге келді, енді өмірден көрген-түйгенімді сенімен бөліскім келеді. Өмір туралы барлығын толық білемін деп айта алмаймын, бірақ мен сенің әжеңмін. Сенің бақытты болғаныңды қалаймын, сондықтан менің кеңестерімнің кедергісі бола қоймас.

Құлаудан қорықпа. Әткеншек теп, велосипед айда, ролик, коньки теп, бірақ құлап қалам деп қорықпа. Құласаң бір жерің ауырар, бірақ соның арқасында сен жылағың келген кезде орныңнан тез тұрып, жігерлі болуды үйренесің. Бұл тек ойындарға ғана емес, өімрге де қатысты екенін ұққан боларсың.

Өз көзқарасыңды білдіруден қорықпа. Саған бірнәрсе ұнамай тұрса немесе сен бір жағдаймен келіспейтін болсаң, үндемей қалуға міндетті емессің. Достықта да, махаббатта да өз ойыңды бүкпей айт. Егер сенің сөзіңді құлаққа ілмесе, пікіріңмен санаспаса ондай достықтың не керегі бар?

Кешірім сұраудан қысылма. Тек ең мықты адамдар ғана өз қателігін мойындап, кешірім сұрай алады. Сенің дәл осындай болып өскеніңді қалаймын. «Кешір, менікі дұрыс болмады» деп болған істі орнына келтіру қиын, бірақ қиындықты жеңу керек. Сонда сені ешкім жеңе алмайтын болады.

Нашар баға алудан қорықпа. Екілік – ең жаман нәрсе емес. Өмірде одан да маңызды нәрселер бар. Өмірден алатын төмен бағаң туралы да осы сөзді айтуға болады. Ол тек сенің нашар тұсыңды көрсетіп, өзіңді қай бағытта шыңдауың керек екені айқындалады.

Жалғыздықтан қорықпа. Кейде жалғыз қалудың да пайдасы бар. Тіпті ол жанға рахат сезім сыйлайды.

Жылаудан қорықпа. Көз жасы – мықтылардың таңдауы. Не қаласам, соны істеймін. Қаласам жылаймын, қаласам күлемін, қаласам күлдіремін.

Жаңаны байқап көруден қорықпа. Жасыңның нешеде екеніне және адамдардың не айтатынына мән берме. Арманыңның қаншалықты қияли екені маңызды емес, өмірден қалағаныңды ал.

Қартаюдан қорықпа. Уақыт өткен сайын өмірдің қадірін түсініп, жақындарыңды бұрынғыдан да қатты жақсы көре бастайсың. Содан соң, бұйырса, сен де немерелеріңе хат жазатын боласың.

Жақындарыңды жоғалтудан қорықпа. Бұл сөзді саған жазу керек пе, жоқ па деп ұзақ ойландым. Бірақ кеткен адамды қайтара алмаймыз. Жақындар – кетеді, махаббат – жойылмайды.

Сені өте жақсы көретін әжең