Грант ұту мүмкіндігін жіберіп алмаңыз

Грант ұту мүмкіндігін жіберіп алмаңыз

Қазақстандық оқушылар ЭКСПО жобасы туралы өз әңгімесімен бөлісуге мүмкіндік алады. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе Қазақстан мектептері мен колледждерінің оқушылары арасында білім беру жобаларын бастамақ. Бұл жобалар шеңберінде пікір-сайыстар, шығармашылық байқаулар мен ақыл-ой ұшқырлығына арналған ойындар секілді сан-алуан шара жоспарланып отыр.

Жас буын – бұл ЭКСПО жобасы шеңберінде қамтылуы көзделіп отырған нысаналы топтардың бірі. Олардың білімділігі мен ақпараттану деңгейі Қазақстанның келешектегі тұрақты дамуын қамтамасыз етпек. Жоба жастар арасында ЭКСПО-2017 тақырыбын насихаттауға бағытталған. Ол қоршаған ортаға ерекше назар аудару мәселелері және көрме тақырыбы – «Болашақ энергиясы» туралы оқушылардың хабардарлығын көтеруге арналған.

Білім беру жобалар топтамасы ішіндегі алғашқы байқау «Менің ЭКСПО-2017 көрмесіне қосар үлесім. Қазақстан экономикасын өзімнің болашақ кәсібім арқылы «жасылдандырудың» жолдары» тақырыбына арналған эссені жазуға арналған. Ол 2015 жылдың 1 сәуірінде басталады. Аталған байқауды «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ «MyChina» білім беру орталығымен ынтымақтаса отырып, ҚР БҒМ-нің қолдау көрсетуімен және «Жасыл Ел» Жастар еңбек жасақтары республикалық штабының белсенді атсалысуымен ұйымдастырып отыр.

Жеңімпаздар Қытайдың Тау-кен ісі және технологиялар университетінде оқуға арналған гранттармен марапатталып, сондай-ақ, ЭКСПО-2015 көрмесінде Қазақстанды таныстыру үшін стендшілер ретінде Миланға баруға мүмкіндік алады.

2015 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 мамыр аралығында өтетін байқауға Қазақстанның мектептері мен колледждерінде оқитын 2015 оқу жылының барлық түлегі қатыса алады. Қатысушылар ұсынылған келесі тақырыптардың біреуіне арналған эссені 2015 жылдың 1 мамырына дейін жіберуі керек: «ЭКСПО көрмесін өткізудің менің елім үшін маңыздылығы», «Қазіргі заманғы әлем үшін «жасыл технологиялардың» маңыздылығы» немесе «Менің кәсібім және Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуына менің қосар үлесім». Эссені орыс, қазақ немесе ағылшын тілдерінде жазуға болады.

Іс-шара қорытындысы бойынша шешімді байқау комиссиясы қабылдайды. Байқау шарттары туралы толық ақпаратпен www.expo-mychina.kz сайтында танысуға болады.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындалу және оны өткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 15 қаңтарындағы бұйрығымен құрылды.

ЭКСПО көрмесі 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта Астанада өтеді. Оған 100 ел, 10-нан аз емес халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 көшбасшы компания қатысады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, көрмеге 2 миллионнан аса қонақ 5 миллионға жуық рет келеді деп күтілуде.

Сурет: arna-news.kz, kazakhstanzaman.kz

Қ. Бүйенбай