Оқушы психологиясы

Оқушы психологиясы

Жасөспірімдер не туралы ойлайды? Олардың қандай қалауы бар? Кез келген ана мен ұстаз өмірінде бір рет болсын өзіне осы сұрақтарды қояды. Балаларынан тікелей сұрайын десе, батылдары жетпейді. Осыған орай №43 мектептің психолог маманы Такирова Айжаннан кеңес сұрауды жөн көрдік.

Жасөспірімдер не туралы ойлайды?

- Өзімді сөзсіз түсінетін, мені жақсы көретін достарды қайдан тапсам екен?

- Мені өзге адамдар қалай бағалайды? Олар мені ұната ма, әлде ұнатпай ма?

- Менің өзгелермен қандай ұқсастығым бар? Бұл жақсы ма, жаман ба? Мен оларға қалай ұқсай аламын?

- Ішімдік пен темекінің дәмін татып көруге бола ма? Олардың дәмі қандай екен? Артынша қандай сезімге бөленемін? Бұл үлкендер айтатындай зиян ба?

- Мектепті қалай тәмамдаймын? Алатын бағам қандай болады? ҰБТ-ны тапсыра алмай қалсам не істеймін?

- ЖОО-ға түсемін бе? Мамандығыма сәйкес жұмысқа орналаса аламын ба?

- Өзіме ұнау үшін өміріме қандай өзгеріс енгізсем екен?

- Ата-анам маған ұрыспай, керісінше мақтау үшін не істеуім керек?

Жасөспірімдер ата-аналарынан не күтеді?

- Олардың өздерін қалай тәрбиелеу керектігі туралы өзіндік пікірлері бар. Жасөспірімдер ата-аналарынан нені талап еткісі келетіндіктерін өте жақсы біледі;

- Олар ата-аналарының өздеріне сенім артқанын қалайды;

- Олар ешкім білмейтін құпия «жерінің» болғанын жөн көреді;

- Олар ата-аналарымен сырласқысы келеді. Алайда жасөспірімдер барлығына айта бермейтін дүниелер болатындықтан, кей сырды ішінде қалдырады;

- Олар әділеттілікті аңсайды. Еш себепсіз ұрыс естігілері келмейді. Бұл олар үшін өте маңызды;

- Олар қандай жағдай болмасын, ата-аналарының өздерін жақтап тұрғанын жақсы көреді.

Ал Сіз қалай ойлайсыз? Жасөспірімдердің бұдан өзге қандай қалауы бар?

Сурет: voxpopuli.kz (өңделген) 

Қ. Бүйенбай