12 жылдық білім беру жүйесіне өтуге қазақстандықтардың көзқарасы

12 жылдық білім беру жүйесіне өтуге қазақстандықтардың көзқарасы
Фото: Ернар Алмабек

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу еліміздегі ең маңызды мәселелердің бірі. Көпшілік халық жаңашылдықты бірден қабылдай алмайды. Жаңартуларға жұмсайтын қаражатты басқа да пайдалы нәрселерге жаратқан жөн деген пікірге тоқтайды. Мұндай көзқарасқа ел қамынан бұрын өз басының жағдайына көбірек алаңдауы себеп болып отыр. Ал ертеңгі елдің болашағы, оған ие болатын балаларының келешегін ойласа, мұндай ойдан арылар еді.

Жаңартылған жүйеге көшетін де, оны қабылдайтын да осы халық болғандықтан, дұрыс болса да, бұрыс болса да олардың пікірін білу маңызды. Сол себепті екі жыл бұрын журналистер халық арасында арнайы осы тақырыпта сауалнама жүргізген еді.

Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 11 пайызы ғана Қазақстандағы білім беру жүйесінде жоғары деңгейде деп есептейтін болып шықты. Қатысушылардың көпшілігі, яғни 66 пайызы елдегі білім сапасына орташа деген баға берді. Ал 14 пайыз қатысушы білім беру деңгейіне көңілі толмайтындарын айтып, төмен деген көрсеткішті мақұлдады.

Екі жыл бұрын жүргізілген сауалнама қорытындысына сүйенсек, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу идеясы қазақстандықтар арасында қолдау таппады. Сауалнамаға атсалысқан адамдардың 73 пайызы 12 жылдық білім беретін мектеп қажет емес, ол мемлекеттің қаржысын босқа шашу, одан ешқандай пайда келмейді деп ойлайды екен. Ал 17 пайызы он бір жылдық білім беруді тағы бір жылға ұзарту қажет, бұл білім алу сапасын арттырады деп жауап берді.

Сауалнамаға қатысушылар арасында 19 пайыз адамның пікірінше, Ұлттық бірыңғай тестілеу мектеп түлектерінің он бір жыл бойы алған білімін анық көрсететін бірден бір тәсіл екенін көрсетті. Ал 37 пайызы бұл пікірмен келіспейді, керісінше, ҰБТ білім бағасын дұрыс көрсете алмайтын әдіс, сонымен қатар түлектерді артық күйзеліске ұшыратады дейді. Ал сауалнамаға қатысушылардың 30 пайызы қандай жүйе қабылданса да бас ауыртпайтынын айтып, немқұрайлылық танытты. Олардың көзқарасы бойынша, нағыз жоғары білімді қандай тәсіл болса да көрсетуге болады екен.

Сауалнама барысында қатысушыларға тағы да мынадай сұрақ қойылды, Қазақстандағы орта білім беру жүйесін жетілдіру үдесірінде қандай шамаларға баса мән берілуі керек. Сауалнама қатысушыларының 37 пайызы білім беру сапасын арттыру үшін ең маңызды нәрсе – білімі өте жоғары педагог мамандар екенін айтты. Ал қаысушылар арасында 22 пайыз адам үшін, ең бастысы оқулықтардың сапасы сын көтеретіндей болуы. Ал қалған 10 пайызы кәсіби-бағытталған жүйе жетілдірілсе, білім беру сапасы да жоғары көрсеткішке жететінін білдірді. Қазақстандықтардың тек 8 пайызының ойынша, орта білім берудегі ақпараттандыру және оқулықтардың электронды нұсқасына өтуі сапаны жоғарылатуға септігін тигізеді деген нұсқаны белгіледі.

Сауалнамаға қатысқандардың ең аз бөлігі, яғни 7 пайызы білім беру жүйесін жетілдіру үшін үш тілділік саясатын қолдау маңызды деген нұсқамен келісті. 4 пайызы орта білім беру мазмұнын жаңашаландыру керек деген тоқтамға келді. Ал небәрі 3 пайызы білім беру сапасын жоғарылату үшін баламалы білім беру жүйесін енгізу қажет екенін айтты. Баламалы білім беру жүйесіне үйден оқыту, қосымша сабақтарға қатыстыру жатады.

Сауалнамаға Алматы, Астана қалаларынан және Қазақстанның басқа да 14 облысынан 1811 адам қатысты, олардың 71 пайызы әйел адамдар, 29 пайызы ер адамдар, жастары 18 жастан асқан.

Естеріңізге салайық, бұл екі жыл бұрынғы сауалнама қорытындысы. Ал қазір жылдан жылға он екі жылдық білім беру жүйесіне көшуді қолдайтындар саны артып келе жатыр деуге болады. Себебі ел ішінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген сайын, тәжірибе ретінде енгізілген әдіс-тәсілдер жемісін беріп келе жатқан сайын халық та жаңашаландыру идеясын қолдай түседі. Он екі жылдық білім беру жүйесі бойынша оқытылып жатқан Назарбаев зияткерлік мектеп интернаты да жыл өткен сайын Қазақстанның жер-жерінен ашылып жатқаны, оған балаларын беруге асыққан ата-ананың көбейіп жатқаны он екі жылдық білім беру жүйесін қолдаушылар көбейіп жатқанының кепілі.

@. @assel_assanova