Барымта мен сарымта

Барымта мен сарымта
Фото: yandex.kz

Тілімізде барымта және сарымта деген сөздер бар. «Көрсе – барымта, көрмесе – сарымта» деген мақал да кездеседі. Бір-біріне ұқсас, мағыналас сөздер. Алайда айырмасы бар.

Барымта деген – көрінеу көзге біреудің малын талау, айдап әкету. Ол ашық жаулыққа саятын рулар арасындағы кесек қимыл. Мәселен, Абай жолы эпопеясында Тәкежанға өштескен Базаралы оның жылқыларын барымталап кететіні бар. Барымтаны кек қайтару, өш алу мақсатында жасайды. Бітпеген дау, алынбаған айып, төленбеген құн – осылардың арты барымтаға әкеп соғады.

Барымтада мал бір-бірлеп емес, үйірімен, жүздеп, мыңдап айдалып кетеді. Барымта, барымталау тұлғасының төркіні – барын талау, малын түк қалдырмай талап әкету, түгесіп кету. 

Барымтаға қарсы әрекет – қарымта. Таланған ел де есесін кетіріп, қарап қалмаған. Қорланған намысы мен таланған малының қарымын қайтаратын болған. Қарымта, қарым қайтару сөзінің төркіні – қарым. Ал қарым сөзінің түп төркіні – қайрат, тегеурін, алғырлық, есесін жібермеу, есесін қайтару. Қарымды жігіт, қарымды адам деу сөздің осы мағынасын меңзейді. Яғни, қарымта қайтару рудың не әулеттің әлсіз еместігін, намысы бар ер-азаматтардың бар екенін көрсету үшін жасалады.

Сарымта деген – жеке адамның аздап, сырғыта алатын ұрлығы. Бертін келе, әлеуметтік қарым-қатынастың өзгеруіне, ел басқаруда мемлекеттік тәртіптің орныға бастауына байланысты барымта шектелген.

Қ. Слямбек