Алтау кім? Төртеу не?

Алтау кім? Төртеу не?
Фото: massaget.kz

Майқы бидің заманынан бүгінге жеткен аталы сөздің мағынасын бір ауыздан түсінсек те, "алты және төрт" санының тереңіне үңіле бермейміз. Бабадан қалған асыл сөздің астарына мән берсек, екі санды бекерге сөз арасына орағытпаған. Ең алдымен, алты санының қасиеті мен мағынасына көз жүгіртейік.

Қазақта – үш, төрт, бес, жеті, сегіз, тоғыз, он сегіз, қырық санын қастерлеген. Тіпті ырым-тиымды да осы сандармен байланыстырған. Дегенмен үштен қырыққа дейінгі киелі сандар қатарынан "алты" саны бой көрсетпейді. Алайда қазақта "алтыға" қатысты небір көз сүріндірер тіркестер мен мағынаға толы сөздер жоқ емес. Мысалы, "Алаш, Алғи, Алан" сөздері алты санынан тарап, тармақталған деседі. Біз айтатын "Алты Алаш" алғаш болып Алаш құрамына кірген алты тайпадан шыққан.  "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген сөз де Майқы би заманынан бұрын  қолданыста болған дейді. Ал төрт періште, төрт мұрат, төрт құбыла, төрт бұрыш, төрт кітап, төрт құрауыш – міне, осылардың бәрі төрт санымен астарласып жатыр.

"Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді"  деген аталы сөздегі "алты және төрт" санының мағынасын білу үшін филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Смағұлованың пікіріне де құлақ астық.

- Иә, сонау заманнан беріге жеткен бұл сөздің мағынасын бәріміз білгенмен, құрамындағы сандарға баса назар аудармайтынымыз жалған емес. Сөзді оқып "алты адам сөзге келсе – істің қайыры болмайды, ал, төрт адам біріксе – тасы жеті қат жер астында жатқан қамалды да алады" деп ұғынуымызға болады. Дегенмен, аталы сөздің астарына үңіліп, нақты не түсіндіргісі келгенін білуіміз шарт. Алты саны – біз үшін Алаш сөзімен үндес. "Алаш" қалың қол, мыңды білдіреді. Яғни, көпті, жүз үй адамын, бүтіндей бір қазақты меңзейді. Демек, бұл сөзде "алты саны" санның, мөлшердің емес, сөздің мәнін түсіндірді. Енді, "төрт"  санына назар аударсақ, бұнда – тек бір үй мүшелерін айтқысы келген. Мысалы, бір шаңырақта төрт адам болса – атасы, енесі, келіні, отағасы, баласы. Міне, бұл – бір шаңырақ астындағы төртеу дегенді білдіреді. Төртеу – бір үйден асып әріге бармайды. Алтау – ол көп. Мың болуы мүмкін, он мың болуы мүмкін. Алтаудың түгелі – Алаштың тыныштығы, берекесі, ынтымағы. Ал, төртеудің түгелі – шаңырақтың берігін білдіреді. 

Бұл жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржанат Рахманова былай деді:

"Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді" – "төрт және алты" бірі білсе, бірі білмес, қасиетті сан. Себебі байырғы қазақта, "Алты атадан тараған ру, алты Алаш, алты табан, алты таран" сияқты киелі тіркестер бар. Бұл асыл сөзде де "алты және төрт" санын бекерге жаза қоймас. "Алтау боп – араз   болғанша, төртеу боп – түгел  тұрсайшы" деген сөзбен үндесетін сияқты. Яғни, көп боп, төрт жаққа тартқанша, төрт боп – бір жерге біріккен әлдеқайда тиімді. Меніңше, асыл сөз осыны меңзейді. Демек мың бола тұра, әр тарапқа тартып, әркім өзіне басшы, өзіне қосшы болса, онда береке де, ынтымақ та көктен жауған тамшының жерге сіңгеніндей жоқ боп кетеді. Аз болсаң да ақылың дариядай болса, ешқашан сарқылмайды. Сонымен "алты – көптің ынтымағы, төрт – берекесі мен абыройын білдіретін іспетті.

Адам жер бетінде пайда болғаннан бастап, әрбір іс-әрекеті, жүріп-тұруы, күннің ұясына батып, таңның атуы, сандар арқылы жүзеге асқан. Тіпті Хауа ана мен Адам атаның кезеңінде адамдар мен тіршілік иелері бір-бірін танып, шақыру үшін санды қолданған. Санның шексіз болуы, жер ғаламшарында тіршіліктің пайда болғанынан бастап, бүгінге дейін өмір сүрген адамдардың санымен тікелей байланысты. Жер бетінде қазірге дейін қанша адам өмір сүрсе, сонша сан бар. Ескі дәуірде сөз білмейтін адамдар бір-біріне, "бірінші, екінші, үшінші" деп сан атауларын үлестірген деген деректер айтылады. Ырым-тиымды санмен байланыстыратын қазақтар, бәрін ертеден-ақ білгендей.

40 санының құпиясы. Ханда неге 40 уәзір болған?

А. Шопанова