Сөз туралы мақал-мәтелдер

Сөз туралы мақал-мәтелдер
Фото: vk.com

Қазақ сөзге тоқтаған халық. Талай қанқұйлы соғыс пен небір даулы мәселелерді бір-ақ ауыз сөзбен шешкен кездер болған. Дана жұртымыз сөздің салмағын сезіне білген. Сөз – қорғасыннан да ауыр. "Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады" деп оның қаншалықты жауапкершілігі бар дүние екенін ескерткен. Халқымыздың сөз туралы мақал-мәтелдерін оқи отырыңыздар!

1. Сөз тапқанға қолқа жоқ.

2. Әсері жоқ сөз – өлі сөз.

3. Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады.

4. Жақсы сөз жараны да жазады.

5. Жылы киім тәнді жылытар, жылы сөз жанды жылытар.

6.  Жақсы сөзге жан семіреді, жаман сөзге жан түршігеді.

7. Жол қуған кәдеге жолығады, сөз қуған бәлеге жолығады.

8. Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ.

9. Алмас қылыш майданда серік, асыл сөз майданда да, сайранда да серік.

10. Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады.

11. Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес.

12. Көз жеткізер, көз жеткізбегенді сөз жеткізер.

13. Сөздің басы бір пышақ, аяғы бір құшақ.

14. Сөз сүйектен өтеді.

15. Ауыр істің салмағы білекке түсер. Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер. 

Ж. Жұмағұлов