Қабанбай батыр мен орыс елшісінің қақтығысы

Қабанбай батыр мен орыс елшісінің қақтығысы
Фото: -history.kz
Қазақ батырына орыс елшісі Угримовтың да айтары бар екен. Дәл жүрерде Қабанбайды оңашалап, тілмаштыққа Жүсіп-қожаны шақырып, бірнеше сауалға жауап беруін өтінді.

– Қазақ елі үш жүзге бөлінеді екен. Ұлы жүз түгелімен дерлік жоңғар қоластында. Ал Кіші жүз ханы Әбілқайырдың осыдан он бес жылдай бұрын Ресей патшалығына бодан боламыз деп ант бергенін өзіңіз білесіз. Сонда Орта жүздің не ойлағаны бар? Орта жүз ханы Әбілмамбет пен Абылай сұлтан 1740 жылы Ор бекінісіне барып, ақ патшаға адалдық, сауда-саттық туралы келісімге қол қойды да, содан қайтып ол жаққа ат ізін салмай кетті. Осының себебін білесіз бе? – деген мұның бетіне сынай қарап.
 
Орыс елшісі былайша аңқаусырағанымен екі ел арасындағы қатынасты жақсы білетін, байыпты адам екені байқалады.
– Ол жағын, елші мырза, сол Ор бекінісіне барып, келісімге қол қойған Әбілмамбет пен Абылай хандардың өздерінен сұрағаныңыз жөн ғой, – деді Қабанбай езу тартып, – Мен ол сапарда болған жоқпын. Біз болсақ – қара халықтан шыққан батырлармыз. Сіздерше айтқанда, әскер басы. Мемлекет аралық мәселені бізде хандар мен сұлтандар шешеді.
 
Қабанбайдың шетелдік қонаққа сыр ашқысы келмей тұрғанын елші де түсінді. Көгілдір көзі ұшқындап, көдедей ұйысқан сақал-мұртын тулата күлді де:
– Бекер олай дейсіз, Қабанбай батыр. Қазір қазақ елін басқаруда батырлардың үлесі өте жоғары екенін біз жақсы білеміз. Мәселен, Жәнібек батыр, сіздер оны Шақшақ Жәнібек дейсіздер ғой, өзіне қарасты біраз рулармен бірге Ресей патшалығының қамқорлығына бөленіп отыр. Ал сіздің беделіңіз қазір кез келген сұлтаннан жоғары. Соған қарамастан, осы күнге дейін Ресеймен арадағы бірде-бір келіссөзге, не ант беруге қатыспауыңыз қалай? – деді, ортан қолдай ғып орап алған темекісін құшырлана сорып. Іле-шала танауынан будақтаған көк түтін сақал-мұртына сіңіп, бейне орман өртеніп жатқандай бір кейіпке түсті.

– Ел мен елдің арасындағы татулық, достық қатынасты мен де құрметтеймін, – деді Қабанбай. – Әйткенмен азаттықты бәрінен жоғары қоямын. Біреуге кіріптар болуға, бодандыққа жан-тәніммен қарсымын. Әсілі, батырдың парызы – өз елін жат жұртқа бағынышты ету, құлдыққа түсіру емес, қолынан келсе оның бостандығын қорғау, туған жеріне көз алартқан жауды жолатпау. Мен өз міндетімді осылай түсінемін.
 
Қабдеш Жұмаділов
"Дарабоз" романы
Ж. Жұмағұлов