Руға бөліну емес, оны білу – қазақы интеллект

Қазақ қоғамындағы ру мәселесі қазіргі таңда үлкен трайбализмге алып келіп отыр. Жастар арасында руға бөліну кең етек алып кетті. Дегенмен бүгінгі таңда руға бөліну қателік. Керісінше, оны білу және түсінікпен қабылдау ақылды дүниенің жаршысы болып тұр. 

Үш жүзге бөлініп, әр жүз он, он бес атадан тарап жататын қаймана қазақтың бір ту астында бірігіп отыруы – берекенің белгісі. Осынау берекені сақтап қалу үшін және әлемдегі текті халық екенімізді қайта бір жаңғырту үшін руға бөліну емес, оны білу — қазақы интеллект саналады.

Қазақы интеллект дегеніміз өзінің тегіңді, жеті атаңды, түп тамырыңды тану деген сөз. Жастардың бойындағы азаматтық қасиетті қалыптастыру, Отанға, ел-жерге деген махаббатын ояту үшін, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, олардың текті әрі тепсе темір үзер азамат пен бұрымы мың бұралған қыздарын өсіру үшін руыңды білу маңызды. Тек «руыңды тану» деген сөзді бөліну деп қабылдайтын теріс көзқарастан арылу керек. Ол үшін тас аударып, тау қопарудың қажеті жоқ. Мына сұрақтарға жауап бере алсаңыз жеткілікті: 

1. Қай жүзсіз? 
2. Руыңыз кім? 
3. Кімнің ұрпағысыз? 
4. Жеті атаңызды білесіз бе?!
Осы сұрақтарға жауап беріп, ата-тегіңізді білсеңіз жеткілікті. Оны тереңінен қарай білу сіздің жеке басыңыздың мәселесі.

«Ру» термині біздің қанымызда сонау қаншама ғасырдан бері қалыптасып келе жатқан таңбамыз. Оны түбі білуге міндеттіміз. Ал осы руды білудің қаншылықты қажеттілігі бар десеңіз: 
1. Үйленетін не тұрмыс құратын жарыңыз сізбен бір атадан болмағаны жөн. Бұл ген тазалығын сақтап қалады. Тіпті әлем ғалымдары да осы тұжырымға көз жеткізді;
2. Аманатқа қиянат жасаудан аулақ боласыз. Атадан тарап келе жатқан отбасылық қағидаңызды ұстауға, белгілі бір тәрбиеге негізделуге пайдалы;
3. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөзге жауап беруге, абыройлы әрі қазақы ділдің (менталитет) ортасында зияткер адам болуға мүмкіндігіңіз бар; 

Тарыдай болып алты құрлықтың бетінде шашырап жатса да, өзінің руын ұмытпаған қазақтың қаймағы бұзылмаса, бауырын тауып бауыр басып жатса, бұл ол адамның бойынан трайбализм нышанын іздеңіз деген сөз емес. Қайта оның ақыл-парасаты, тамыры тереңде жатқан тарихын тануы. 
Ұрпақты бөлінуге емес, қайта оны білімді әрі білікті етіп тәрбиелеу, санасына сапалы мәлімет сіңдіру – қоғам алдындағы жауапкершілігі зор міндет. 

Бөлінгенді бөрі жейтінін, береке-бірліктің жаршысы, интеллектуалды азамат болу өзіңіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыз!