Қазақ күй өнері

Қазақ күй өнері
Фото: el.kz

Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй-қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді.

Үш әлемді байланыстырған "Бәйтерек", одан пайда болған "Домбыра", адам қажетіне жарап, байланысу арқылы тәрбие мен білім көзін ашуға ықпал еткен. Үш әлеммен байланысқан құдірет иесі - домбыра өнері ұлттық идеологияны дамыту үшін де керек. Ұлттық идеологияда домбыра әуенін ұстанбай, ұлттық құндылықтарды сақтап жалғастыру қиын болмақ.

Жерден өскен ағаш адамға пайдасын (жеміс, жапырақ) береді. Ал домбыра қоңыр әуен арқылы құлаққа еніп, ықпал етеді. Жерден өнген өнімдер адам қорегіне қажет болса, домбырадан шыққан күй - адамның рухани жан азығы. Демек, айналаны қоршап тұрған дыбыс екен, ал оны жағымды әуендерге айналдырып жеткізетін - домбыра аспабы. Егер қоршаған айналаның дыбыстары түгел жойылатын болса, онда адамдардың өмір сүру қабілетіне нұқсан келген болар еді. Мысалы, қазіргі үлкен қалаларда құстардың табиғи сайрауының жоқтығы үлкен ой салады.

Күй - өте көне өнер, оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, ұлыстық дәуірден бастау алады. Ұлыстық дәуір мәдениеті Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарынан сыр тартады. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар мынау еді деп айту мүмкін емес, ал, әдеби мұраларымыз сақталған. Мысал ретінде Томирис туралы әпсананы айтуға болады. Одан кейінгі дәуір Түрік қағанаты. Бұл кезеңдегі күйлердің де дерегі жоқ, бұл әдебиетімізде ұлыстық ояну кезеңі деп аталады. Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіндердің тасқа қашап жазған жорық жырлары осы кезең ескерткіштері. Келесі - Алтын Орда дәуірі, бұл кезеңдегі музыкалық мұрамыз - "Ақсақ құлан-Жошы хан" күйінің тараулары.

Күйдің ұлттық дәуірі деп Қазақ хандығы заманын айта аламыз, бұл жыраулық дәстүрдің салтанат құрған кезі, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып болған кезеңі. Бұл кездегі күйлер -тарихи күйлер қатарына жатады, мұнда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғысы баяндалады. Асан қайғының күйлері, қазақ пен ноғайдың айырылысқан трагедиясына шыққан толғау күйлер, көне жер-су аттарына бағышталған күйлер осы кезеңнің ескерткіштері.

Күй аспапты музыка ретінде сөзге кіріптар емес, өмір тіршілік дерегін білдіретін ең мәнді сөз немесе сөйлем көп ретте күйдің әуендік буын ырғағына ғана әсер етеді. Күйдің логикалық құрылымына сөз ықпал ете алмайды. Сондықтан да, күйдің музыкалық бітімі өзінің біртұтас әуендік жаратылысымен, бас-аяғының бүтіндігімен тәнті етеді. "Музыкалық интонация сөзден де, биден де, адам денесінің қимыл қозғалысынан да ешқашан байланысын үзбейді, бірақ сол үлгінің заңдылықтары мен белгілерін өзінше қорытып музыкалық тілмен жеткізеді", - дейді Б.В.Асафьев. Әрине, күй өнерінің бейнелеу құралы сөзсіз дыбыс болғандықтан, тыңдаушысын ең алдымен әуендік, дыбыстық тілмен баурайды. Кәнігі тыңдаушы күйдің әуендік, дыбыстық тілін іштей жорып, алуан түрлі сезіммен әсерге бөленеді. Мысал үшін, Ілияс Жансүгіров үшін күй "сыбырлайды", "мұңаяды", "толғанады", "зарланады", "бұрқырайды", "сарнайды", "ақтарылады", "лепілдейді", "сылдырлайды", "күмбірлейді", "сыңқылдайды", "күркірейді", "сорғалайды", "еркелейді", "тербейді". Бұл мысалдан аңғартады - музыканың, оның ішінде күйдің де сезімдік тілі өмірдің өзіндей шексіз дегенге саяды. Неғұрлым музыканың ұлттық төлтума тілі айқын болса, неғұрлым сол төлтума тілге тыңдаушының құлағы қанық болса, яғни музыканың ұлттық тіліне жүйрік болса, соғұрлым музыка мен тындаушы арасындағы сезімнің тілі бай болмақ. Қазақ күйлерінің музыкалық тілін түсінетін, семантикасын жори алатын білікті тыңдаушы оның күйкіліктен ада екеніне, қара бастың рахатын күйттемейтініне, тек қана жарық жалған, шексіз дүние аясындағы өмір тіршіліктің ұлы құндылық ретінде терең сезімге бөлейді.

Қорыта айтқанда, күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы. Оның өміршеңдігінің өлшемі уақыт талғамайтын, кезең, дәуір шаңдағында қалып қоймай, әр заманның рухани тілегіне сәйкес, жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгеше өрнегімен таразыланады. Күйлер халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Күй өнері – ұрпақ арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы ретіндегі уақытаралық қатынастың басты құралы.

С. Жанбобеков
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің магистранты
Ғылыми жетекшісі- Құлсариева А.Т, филос.ғ.д., профессор.
Алматы, Қазақстан
kaznu.kz

Н. Үсенова