Жылқы қылығы арқылы ауа райын болжау

Жылқы қылығы арқылы ауа райын болжау
Фото: massaget.kz

Жылқы — төрт түліктің төресі. Әдетте жылқы малы өте сергек мал. Олардың қылығы арқылы алдағы күн райын болжауға да болады.

− Ұлыс күні – Наурыздың 22-сінің түнінде, жылқы жиі оқыранып жұтынар болса, көктемнің ерте шығарының белгісі.

− Жылқы біткен топтасып, ары-бері жүйткіп, кісінеп ойнақтаса – ызғар соғып, күн суытып, қарлы борасын болмақ.

− Жайылуға зауқы болмай, жүндері үрпиіп, аса сылбырлық танытса, көп ұзамай ақ, күн суытып, күннің райы бұзыла бастамақ.

− Әлсін-әлсін ат пысқыратын болса, жазда – күшейген жауынды жел, ал қыста – үдеген қар мен қарлы борасынды күтуге болады.

− Жылқылар ықтап жайылса, ызғарлы суық жел, жауын-шашын, қарлы боран болуын білдірмек.

− Көктем мен қыста жылқылар жайылымды өзгертпестен бірбеткей жайыла берсе, алда жайлы, жылы күндер болмақ.

− Желге қарсы жайылғанын көрсең, жайсыз күндерді күте бер.

− Айғыр мойынын жерге салып, үйірін жинай бастаса, күн райы да кешікпей бұзылады деген сөз.

− Бие суала бастаса, кешікпей жауын жауады.

− Соғым малының бауыр жүні ұзын болса, қыста қар мол түспек.

− Жазда ыққа қарап жусаса, қыс қатты болады.

− Оқыранып жусаса, ішін тартса, боран соғады.

− Қыста оқыранып, ернін жыбырлатса, күн жылынады.

Н. Үсенова