Шаш үлгісі: Айдар, кекіл, тұлым

Шаш үлгісі: Айдар, кекіл, тұлым

Қазақта шаш қоюдың өзіндік мәні мен сыры болған. Кез келген адам сақал не мұрт, шаш пен айдар қоймаған.

Қазақ қалпында басты мезгіл-мезгіл тақырлай қырып, шашты бір еліден артық өсірмеген. Сақалды үлкен кісілер, мұртты жас жігіттер қойған. Ал ұзан шаш көбінесе кішкентай балаларда болған.  

Кекіл

Жас балаларға, яғни, кішкентай ұлдарға қойылады. Бастағы бір шөкім шаш, маңдайға түсірілсе, қысқа ғана өсіріледі. Шаш алынған сайын жөнделіп, қысқартылып отырады. Жаңа түскен келін жас келіннің бала қайнысына Кекілдім деп ат тергейді, жігіт шағына дейін солай атап жүреді.

«Маңмаңгер кекілің қысқа, жалың майда» дегендей, жылқыда да кекіл болады. Негізі балаға қойылатын кекіл осы құлын-тай, ат кекілінен болса керек. «Ат кекілін кесісу» деген тіркес бар. Мағынасы – араздасу, кетісу, жауығу. Жылқы кекілімен сәнді. Аттың кекілін тарап, сәндеп мінген ата салтта, сол мініп жүрген аттарының кекілін кесіссе, өкпе-ашудың ұстасуға ұласқан араздыққа айналғанын білдіреді.

Сондай-ақ кекіл деп есіктің тиегін де айтады. Бұл – кигіз үйдің сықырлауық есігінің, қора-қопсы, кілт үй тәрізді орындардың есіктеріндегі ағаш тиектер. Ол есіктің маңдайшасында болады.

Айдар

Ересектеу балаларға қойылатын шаш үлгісі. Яғни, ер баланың жас шамасына қарай қойылатын шаш үлгілері болған. Кекіл 2-5 жас аралығын қамтыса, айдар 5-13 жас арасындағыларға қойылады. Ал он үшке толған ұл «отау иесі» демекші, бозбала дәрежесіне жеткен ұлдар айдардан да азаттанады.

Айдар – төбе шаш емес, маңдайлықта кең қамтыған, кекілден көлемді де ұзынырақ қойылған шаш үлгісі. «Айдарынан жел есіп» деуі оның жолы болды деген мағынасымен қатар шаштың да едәуір, жел желбірететіндей болатындығын деректейді.

Айдардың сәнмен бірге әлеуметтік мәні де болған. Айдарды негізінен билікті, дәулетті әулеттердің балалары қойған. Топ бастаған, ел бастаған, қол бастаған кісілерді – елдің айдарлысы деген. Халық ақыны Уәлінің:

«Айдарлым түсті азапқа,

Болатын тұтқа қазаққа.

Ахметке қол салу –

Көрсеткен бізге мазақ па?!», – деген сөзі ұлт көсемі атанған Ахмет Байтұрсынұлының ұсталуына айтылған.

Кекілде Кекілбай дара есім болса, айдарда – Айдар, Айдарлы, Айдарбек, Айдархан, Айдарқұл, Ақайдар, Бегайдар, Жанайдар, Мінайдар дегендей көптеген есімдер бар.

Ертегілерде алтын айдарлы ұл туралы жиі айтылады. «Бір жұлдыз бар аспанда ай көзіндей, Алтын айдар, жарқын жүз мен де өзіндей» деген сөз халық әнінде де бар («Айтжан» әні).

Айдар бірқатар құстардың еркегінде, кейбір хайуанаттар мен жәндіктереде де бар.

Тұлым

Қыз балаларға қойылатын шаш үлгісі. «Айдарлысын құл, тұлымдысын күң етті (тұл етті)» деген тіркестен-ақ тұлымның қыз балаға қатысты екенін аңғаруға болады.

Тұл – күйеуі қайтыс болған жесір әйел. Ал тұлым жасөспірім қыз балаларға қойылады. Бұл – қыз бойжетіп, бұрым өсіргенге дейінгі шашы. Тіпті, кішкентайларға қойылған мұндай шашты тұлымшақ дейді.

Тұлым қыз баланың екі шекесіне өсіріліп, өріліп, бау тағылып қойылатын, әдемі, жарасымды шаш өсірудің бір түрі. Мұны болашақ бұрымның негізі десек болады. Тұлым қыз бойжете келе бұрымға айналады. Қолаң шаш, сүмбіл шаш осылай өседі.

"Таныс сөздердің бейтаныс сырлары" кітабынан

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

"Манчестер Юнайтед" ағылшын премьер-лигасында рекорд орнатты
"Манчестер Юнайтед" ағылшын премьер-лигасында рекорд орнатты
Ғалымдар ауаны коронавирустан тазартатын сүзгі ойлап тапты
Ғалымдар ауаны коронавирустан тазартатын сүзгі ойлап тапты
Тест. Балмұздақ. Ағылшын
Тест. Балмұздақ. Ағылшын
Ғарыш температурасы қандай?
Ғарыш температурасы қандай?
Мбаппе футбол симуляторында 100 OVR рейтингін алды
Мбаппе футбол симуляторында 100 OVR рейтингін алды
ВКонтакте "Қазақстан" лентасын іске қосты
ВКонтакте "Қазақстан" лентасын іске қосты