Жылқы – төрт түліктің төресі

Жылқы – төрт түліктің төресі
Фото: Kazakh-tv.kz, goodfon.ru

Қазақтың тектілігі ат баптап, оны қадірлеп, жан досындай жанына жақын тартуынан байқалады. Дала өркениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосып, көшпенді шаруашылықтың ілгері басуына мұрындық болған жылқыны адамзат қолға үйреткеннен бастап, бұл жануар ата-бабалар өмірінде ерекше маңызға ие болған. Қамбар ата баласынының түр-сипатын, мінезін, көңіл-күйін, қыры мен сырын, әр қимылын бабалар толыққанды зерттеп қойған. Назарларыңызға, ердің қанатына теңелген төрт түліктің төресі жайлы ақпараттар ұсынамыз.

Қазақ өзін «жылқы мінездіміз» деп сипаттайды. Тұтас бір ұлттың ішкі сезіміне теңестірілген бұл жануардың мінезінің артықшылығы қандай? Жылқы психологиясы – осы жануардың қыр-сырымен толықтай таныстыратын әлемдік иппология ғылымында өзекті мәселеге айналған тақырып. Жылқы – еркіндіктің, бостандықтың символы. Ол басқа малға қарағанда таза, кірпияз, шөптің асылын, судың тек тазасын ішетін текті жануар. Қазақ оны «тілсіз адам», «есті жануар», «текті жануар» деп, жалғыздықта қалғанда жол серігімен сырласып, құпиялары мен сырын соған ашқан. Қазақтың өзі де, қазақ жылқылары да қашаннан төзімділігімен дараланған. Екеуі де еркіндікті аңсап, өлкеден кетсе өртене жаздап, ұлы даланы сағынып тұрады. Осындай ішкі сезімдердің үйлесім табуына байланысты «қазақ – жылқы мінезді» деп сипатталған.

Шетел ғалымдары жылқының мінезін зерттеуге бүгінгі таңда үлкен күш салып жатыр. Ал, дала төсінде қиқу салып, атұстары дүниеге келгеннен ат жалын тартып мінер шаққа жеткізіп, баласының аттың құлағында ойнауына жағдай жасап, сол баласы бәйгеде шапса, анасы үйде отырып тақымын қысатын, «ат тұяғын тай басады» деп артынан ерген ізін жануардың қадірін, қасиетін бағалауға тәлімдейтін қазақ бұл жануарды зерттеп қана қоймай, өмір-тіршілігімен тығыз байланыстыра білген.

Түйе өзінің иесіне төнер қауіпті алдын-ала үш ай бұрын, ал, жылқы үш жыл бұрын сезеді екен. Оның сезімталдығына, адамға деген адалдығына ел аузында жиі айтылатын мына бір әңгіме дәлел бола алады.

Бір жолаушы тау арасында келе жатып, жартастан тамшылап тұрған суды көреді. Атынан түсіп, жол саптаяғын суға толтырып, әлгі суды енді ішейін дегенінде қасындағы аты басымен ыдысын қағып қалады. Жануардың бұл ісіне мән бермеген жолаушы ыдысты қайтадан толтырып, енді ішкелі жатқанында ат суды тағы төгіп тастайды. Астындағы атының бұл әрекетін түсінбеген жолаушы жартастың үстіне шықса, су тамшылар жердің көмейінде бір жылан өліп жатыр екен. Жолаушы серігінің адалдығына риза болып, жартастан су алмай, ары қарай жүріп кетіпті.

Қазақ шөл далада бірнеше күн жол жүріп, кезіккен құдықтың маңына келісімен ондағы суды бірінші астындағы атына берген. Егер жануар суды ішсе, демек судың таза болғаны. Ал, егер ішпесе, онда бұл су уланған немесе аңның мүрдесі түсіп ішуге жарамсыз болған. Азамат соғысы жүріп жатқан кезеңде иесіз даладағы құдықтарға қасақана у тасталған. Бұл пәлеге ұрынбас үшін қазақтар осындай дәстүрлі әдістің көмегімен бұл айладан да айналып өткен.

Атырау мен Алтай арасында көшіп-қонып күн кешкен көшпенді бабалардың байлығы да жылқы санымен өлшенген. Қазақ қоғамындағы көне ережелер бойынша, 5000 жылқысы бар адам ғана байлардың қатарына қосылған. 1879 жылғы дерек бойынша, Қазақстанның бірі ғана өңірі Орынбор облысында 1,8 миллион жылқы болған. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында жиі қайталанған жұт, ашаршылық жылдарында Қазақстанда небәрі 8 миллион жылқы қалған деген ресми дерек бар. 

Халқымыздың тыныштығы мен бостандығы үшін қан майданда шайқасқан қазақ батырларының ерлік жырлары ел арасында қалай мадақталса, олардың астына мінген аттары да қатар жырланған. Иесі қиындыққа тап болса, арғымаққа тіл бітіп, батырдың көздеген ел қорғау миссиясын бірге атқарған ер серігі жайлы хикаяттар бұл күнге дейін ауыздан-ауызға тарап, айтылып келді. Қобыландының Тайбуырылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, одан бері Қабанбайдың Қубас аты, Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқа аты жыр-дастандарда иелерімен қатар аталып, бүгінгі әдебиетіміз бен тарихымыздың құндылықтарына айналып отыр.

Қазақ халқының дүниетанымында бұл жануарға байланысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. Орта ғасырда Қазақстан аумағында өмір сүрген тайпалар, тіпті жерлеу рәсімі кезінде жылқының адамзат үшін маңызды рөл атқарғанын сол заманғы жоралғылармен дәлелдеп отыр.

А. Қажиев