Той өткізу тәртібін өзгертетін уақыт жетті

Той өткізу тәртібін өзгертетін уақыт жетті
Фото: vk.com

Қазір көпшілік тойдың сценарийі ұқсас. Келген қонақтарды 10-15 бөлікке топтастырып тілек айтуға ортаға шақырады. Олардың барлығы тілек айтып боламын дегенше той аяғына таяйды. Ал тойға билеу үшін, көңіл көтеру үшін, досының қуанышын одан әрі қызықты етіп өткізу үшін келетін жастар қауымы оған риза болмайды. Сондықтан тойды өткізу тәртібін өзгертетін уақыт жетті.

Тойға оператормен бірге бір журналист қызметін атқаратын адамды жалдауға болады. Ол дастарқанда отырған қонақтарға кезекпен барып, тілек айтқызып, видеоға түсіріп алады. Бұл түсірілімдер кейін монтаж арқылы той дискісіне жазылады. Сонда ешкім тілек айта алмай қалдым ренжімейді. Ортаға шығарып тілек айтуға тек мұндай жаңашылдықты қабылдай алмайтын ата-әжелерді ғана шығаруға болады. Сонда ойын ойнап, би билеуге, ән салуға ұзақ уақыт артылып, барлығы көңілді болады.

Кей дастарқандарға тілек айту рәсімін былай етіп ұйымдастыруға болады. Тәрелкелердің астына тірек сөздер жазылады. Мысалы, «Құттықтаймын», «перзент», «бақыт», «құс», «жапырақ», «шаңырақ», «мөлдір», «сезім», «тәрбие», «той», «ана», «домбыра». Кімнің тәрелкесінің астында қандай сөз болса, осы сөзге сөйлем құрап, бір ауыз тілек айтуы керек. Дастарқандағы барлық адам орнынан тұрып, ортаға шықпай-ақ тілегін арнай алады.

Келесі дастарқанға бір әріп қана беруге болады. Бір сөйлеммен ғана тілек айту шарты қойылған қонақтар сөйлемдегі сөздің барлығын осы әріптен басталатындай етіп құрауы тиіс, мүлде шамасы жетпей жатса, сөйлемінің алғашқы сөзі осы әріптен басталуын назарда ұстауы тиіс.

Енді бір дастарқанға тілекке қатысы жоқ басқа сөздер жазамыз. Мысалы, «ең әдемі», «қалыңдық», «бесік», «аспан», «қайың», «гүл», «аққу», «жайдары», «күн». Бұл сөздерді алған тойшыл қауым күйеу жігітке не қалыңдыққа арнап осы сөзге байланысты мақтау айтып, содан кейін бір сөйлеммен тілегін жеткізуі тиіс.

@. @assel_assanova