- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Президент жолдауында қандай...
Президент жолдауында қандай мәселелер қозғалды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдау жариялады. Жолдауда митингілер, шағын кәсіп, Ішкі істер министрлігінің реформасы, зорлық-зомбылық жазасы, зейнетақыға қатысты мәселелер қозғалып, тапсырмалар берілді.
Митингілерге рұқсат беру
Егер бейбіт митингтер заң бұзбай, халықтың мазасын алмайтындай болса, алаңға шығып өз ойларын айтуларына рұқсат беру керек. Митинг өткізушілерге арнайы жер беру қажет. Бірақ ондай орынды қаланың ішінен беруге тиістісіздер. Алайда, конституцияға сай емес әрекеттерге, бұзақылық акцияларына қатысты кез келген шақырулар заң аясында тоқтатылады.
Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы қажет
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет.
Қазақстанда шағын кәсіпті тексеруге үш жылға тыйым салынады
Микро және шағын бизнес компанияларын негізгі қызметтен 3 жыл мерзімге салық төлеуден босатудың заңнамалық негізін әзірлеуді тапсырамын. 2020 жылдың қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу туралы менің шешімім күшіне енеді. Біз тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуға тиіс біздің бизнесіміздің парасаттылығы мен заңға мойынсұнушылығына сенеміз.
Ішкі істер министрлігіне реформа жасалады
Ең өзекті міндеттердің бірі – құқық қорғау жүйесін толық реформалау. Полицияның бет-бейнесі өзгереді. Бірінші кезеңде 2020 жылдың соңына дейін әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта құру қажет. Бұны сапалы түрде жүзеге асыру керек. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жылда 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржы жалақының өсіруге жұмсалады.
Зорлық-зомбылық жазасы күшейтіледі
Біз сот төрелігінің шектен тыс және репрессивті шаралары мен қатал жазалау тәжірибесінен алшақтадық. Алайда елімізде көптеген ауыр қылмыс әрекеттері бар. Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажет. Бұл – менің үкіметке беретін тапсырмам.
5%-тік қосымша зейнетақы аударымдары 2023 жылға қалады
Үкіметке 2023 жылға дейін 5% мөлшерінде қосымша зейнетақы аударымдарын енгізуді кейінге қалдыруды тапсырамын. Содан кейін бұл мәселеге қайта ораламыз. Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар келісілген шешімге келуі тиіс.
2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады
Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік көлемін сақтайды.
2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ке артады
Мен тамыз конференциясында мұғалімдердің жалақысын төрт жыл ішінде екі есе көбейтуді тапсырдым. Бұл келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ке артады деген сөз.
Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65% ғана құрайды. Мұнымен, әрине, біз келіспейміз. Сондықтан үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту үшін және мұғалім мәртебесін көтеру үшін жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын.
Азаматтар зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалана алады
Үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін мақсатты пайдалануын, мысалы, тұрғын үй сатып алу немесе білім алу үшін мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Мемлекеттік қызметкерлердің саны 25%-ке қысқартылып, жас кадрлар тартылады
Мемлекеттік қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатарына жас кадрларды тарту керек. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметкерлер санын біртіндеп қысқартуға кірісеміз, ал босаған қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді материалдық ынталандыруға бағыттаймыз. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25%-ке қысқарту керек.
Көпбалалы отбасыларға баспана беруге 240 миллиард теңге бөлінеді
Биыл Елбасының бастамасымен "Бақытты отбасы" деген екі пайыздық жеңілдетілген мөлшерлеме және он пайыздық бастапқы жарна төлеу арқылы жүзеге асатын бағдарламасы құрылды. Бұл өте тиімді ұсыныс. Жылдың аяғына дейін 6000-ға жуық отбасы баспаналы болады. Ең алдымен көпбалалы отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 2020 жылы осы секілді 10 мың отбасыға баспана беріледі. Үкімет бұл бағдарламаға қатысуға нақты талаптар қойып, оның орындалуын қатаң бақылау қажет. Баспанаға мұқтаж отбасыларға ғана көмек көрсетілуі қажет. Үкіметке үш жыл қатарынан тұрған, жағдайы нашар, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырамын. Тұрғын үй сатып ала алмай жүрген отбасылардың саны – 30 мың. Жалдап тұруға мүмкіндік беру керек. Сол себепті 2022 жылға қарай мемлекет 240 миллиардтан аса ақша бөледі.
Отбасы институты, инклюзивті қоғам, балалар құқығы
Отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресу – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы керек. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюуі бізді алаңдатуы тиіс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды оңалтуға арналған бағдарламаны әзірлеуіміз керек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен де ерекше жұмыс жүргізген абзал. Тек ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына маңыз беруі тиіс.
Сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлінеді
Ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасалуы тиіс. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы тұғырнамамда айттым. Тек ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына маңыз беруі тиіс. Енді Үкіметке бұл бағытта алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлуді тапсырамын.
Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерді тәркілеу тапсырылды
Мемлекеттен жалға алу негізінде жерді тегін алғандардың көбі оны бостан босқа ұстап, жұмыс істемей отыр. Елімізде "латифундистер" қатары көбейіп келеді. Ауылшаруашылығы үшін берілген жерлерді тәркілеуге көшу керек. Біздің мемлекеттік компаниялар конгомераттарға айналды, мұны мойындау керек. Мемлекеттің экономикада негізсіз қатысуын қысқарту мақсатында мен квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу туралы шешім қабылдадым. Ұлттық әл-ауқат қорының құрылған сәтінен бастап 14 жыл ішіндегі халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан нақты үлесі қандай екенін түсіну қажет. Үкімет Есеп комитетімен бірге бір ай мерзімде мемлекеттеік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізеді.
Бірінші басшының жемқорлыққа жауапкершілігі
Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес – күн тәртібініне түспейтін мәселе. Сыбайлас жемқорлық қылмыс болған ведомствоның бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан реттеу керек. Сыбайлас жемқорлықпен күресетін орган қызметкерлеріне де заңсыз жұмыс әдістері мен арандатушылық әрекеттері үшін қатаң жауапкершілік қарастырылуы тиіс.
Жиынға Мәжілістің 107 депутатының 106-сы, Сенаттың 49 депутатының 47-сі, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Жоғарғы Соты, ҚР Үкіметінің мүшелері толық құрамда, ҚР Президентіне тікелей есеп беретін және бағынатын орган басшылары, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, саяси партиялардың басшылары қатысты.
Жолдаудың толық нұсқасын сағат 15:00-де барлық республикалық телеарналардан көруге болады.
Massaget