Жаңа «Айқап» журналының үшінші саны жарыққа шықты

Жаңа «Айқап» журналының үшінші саны жарыққа шықты
Фото: Гүлнар Мұқанова

«Айқап» халықаралық ғылыми журналы отандық және шетелдік зерттеушілер жасаған іргелі істердің қорытындысын жариялау үшін қолданыс алаңына шықты. Оқырмандардың пікірлері шабыт шақырады.

«Айқап» журналының оқырманы, х.ғ.д., профессор Баешова Ажар Қоспанқызы (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ): «Қазақ тарихын жақсы ұғу үшін, жақсы білу үшін, әсіресе қазіргі өсіп келе жатқан жастарға осындай журналдар аса қажет. Себебі мұнда нақты деректер, нақты мәліметтер бар. Біз осы журналды өте мұқият оқимыз және жағымды әсер аламыз. Өзіміздің қазақ ұлтының ірі тұлғалары жөнінде қосымша мәлімет алып отырамыз, сондықтан шығарушыларға зор алғыс айтамыз. Журнал ары қарай дами берсін! Табыс тілеймін!».

Г.М.Дүйсен, э.ғ.д., ҚР БҒМ шығыстану институтының директоры мейлінше кең ұғымды тілек жолдады: «Айқап» журналы Қазақстанның және халықаралық ғылыми қауымдастықтың зияткерлік клубы болсын!».

Әдеби-сыни эссе, түркітануға арналған сұрақтар, айрықша сұхбаттар, тарих ғылымының дерекнамасы, Қазақстанның этномәдениеті, Орталық Азиядағы, Тәуелсіздікке 25 жыл, сирек кездесетін мұрағат материалдары, поэзия – осының барлығы ұлттық-мәдени мұрамыздың, бай қазынамыздың айнасы, шоғыры. «Мәңгілік ел» патриоттық жобасы негізінде жасалып жатқан жұмыстар әлемдік оқырмандар сұранысын қанағаттандырады.

2016 жылы үшінші рет шығып отырған журналдың жаңа саны атақты мемлекет және қоғам қайраткері, э.ғ.д. Кенжеғали Сағадиевтің ойымен, әлемдік деңгейде ақын атымен танылған О.О.Сүйлейменовтің «Сокол под пирамидой (Тюрки в Древнем Египте)» ғылыми мақаласымен ашылады. Әдеби аудармалардың жай-жапсары жөнінен атақты дипломат, Қазақстанның Ресейдегі өкілетті елшісі, социолог доктор, профессор Марат Тажин сөз қозғайды.

Роллан Сейсенбаев ф.ғ.д., профессор Алуа Темирболаттың шығармашылық әлемін таныстырады. Атақты әдебиетші, журналист, публицист, әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ қонағы Е.А.Поповтың, (РФ), С.В.Дзюба (Украина) сұхбаттары, Тәжікстандағы қазақтардың этнографиялық жазбалары, Кене хан немересіне қатысты тарих, Шорман әулетінің драмасы (М.Б.Черманова), Е.А.Бөкетов туралы эссе (х.ғ.д., профессор А.Баешов), басқа да көптеген қызықты материалдар журнал бетінде жарық көрді.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өмірін қайта жалғастырған «Айқап» журналы қазіргі зияткерлердің де бәсекелестікке қабілетті екенін дәлелдеді. Қазақ елінің дамуы жолында және Қазақстан Республикасы ғылымы мен білімі, мәдениеті ілгері өрлеуі мақсатында журнал жұмысын жалғастыра береді.

Мұқанова Гүлнар 
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,
«Айқап» журналының жауапты редакторы

М. Ақан