Отандық автоөндіріс әлемдік нарыққа бағыт алды

Отандық автоөндіріс әлемдік нарыққа бағыт алды
Фото: 24.kz

Қостанай облысында машина жасау кешені іске қосылады. Отандық автоөндірушілер бұл жолы Қытаймен бірлесіп, JAC деп аталатын темір тұлпарларды отандық брендпен шығармақ.

Сөйтіп олар елімізде құрастырылған көліктер санын қазіргіден үш есе арттыруды көздеп отыр. Автоөндірушілердің ауқымды мақсат-міндеттері отандық машина жасаушылардың ІІІ форумында нақтыланды. Машина жасаушылардың биылғы форумына отандық кәсіпорындардан 450 және шетелдік ұйымдардан 200-дей маман қатысты. Яғни әлемдік автокөлік нарығына мүше 30 мемлекеттің өкілі бас қаладағы алқалы жиынға арнайы келген. Осыдан-ақ шараның бұл жолғы тақырыбы ғаламдық автокөлік өндірушілер үшін айрықша маңызды екені байқалады. Еуропа бизнес қауымдастығы автоөндірушілер комитетінің төрағасы Йорг Шрайбер "Инвестор үшін оның салған қаражаты толық ақталуы қажет. Жобаның тиімділігін жан-жақты зерттеп алу маңызды. Менің ойымша, Қазақстан – нарықтық бәсекелестік дамыған, кәсіппен айналысуға қолайлы мемлекет" дейді. Бүгінде еліміз жыл сайын ішкі нарық үшін 40 мың жеңіл көлік құрастырады. Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі үлестің 4 пайызына тең. Дегенмен елімізде сатылатын жаңа темір тұлпарлардың 44 пайызы импорттың еншісінде. ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау "Әлемдік нарықта мұнай құны құлдыраған кезде ішкі сұраныс жағдайы қиындай түсті. Бірақ соңғы айларда көрсеткіш біршама оңалып келеді. Мәселен, тамыз айында автоөндіріс өсімі шілдемен салыстырғанда 119 пайыз шамасында тіркелді" дейді. Отандық машина жасау ісінде тағы бір бренд пайда болады. Бұл жолы Қостанай өңірінде аспан асты елімен бірлесіп JAC көлігі құрастырылмақ. Темір тұлпардың әрқайсысы шамамен 11 мың доллардан сатылады деп отыр мамандар. Көлікті Ресейге экспорттау мүмкіндігі де жасалған. Дегенмен бұл – 2017 жылдың жоспары. Сол үшін отандық автоөндірісті бір жерге шоғырландыру бастамасы көтерілді. Қазақстан автобизнес қауымдастығының төрағасы  Андрей Лаврентьев "Қазір бірнеше кедергі бар. Олар біздің еліміз бен Ресей билігі арасында бір ретке келтірілуі керек. Солтүстік көршімізде қалдықтарды жинау жағы алаңдатып отыр. Бүгін тараптар бір мәмілеге келеді деген сенімдеміз" дейді. Көп ұзамай «Қазақстанда жасалған» деп айдар тағылған көліктер де әлемдік нарыққа шығады. Себебі жергілікті автоөндірушілер 4 жылдан кейін отандық жаңа темір тұлпарларды жылына 150 мың данамен шетелге сатуды жоспарлап отыр. Ал осы мерзімде саланың дамуына қолбайлау болған түйткілдер түбегейлі реттелуі тиіс.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы