- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Қасым-Жомарт Тоқаев. "Әке...
Қасым-Жомарт Тоқаев. "Әке туралы толғаныс"
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы алдында ант қабылдап, президенттік өкілеттігіне кірісті. Көрнекті қоғам қайраткері, белгілі дипломат, саяси ғылымдар докторы жайлы аз-кем ақпарат ұсына кетпекпіз.
Салиқалы да салмақты, пайым парқы биік азамат өмірбаяны жайлы "Әке туралы толғаныс" деген ғұмырнамалық кітабында жаза кетеді. Осы бір эссесінде әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы әңгімелейді. Бұл перзенттің аялап өсірген ата-анасы туралы толғанысы, жүрек сыры іспетті.
- Бүгін 1953 жылдың 17 мамыры. Менің туған күнім. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Алматыда дүниеге келдім. Ол кезде әкем 30, анам 22 жаста екен. Олар жас жағынан және өмірдің еншілеріне бөлген талай киындықтарды бастан өткізу арқылы ақыл тоқтатқан кісілер еді, - деп басталады.
... Өкінішке қарай, әкеме тағдырдың сыйлаған ғұмыры ұзақ болған жоқ. Ол 1986 жылы 10 қарашада 63-те, Пайғамбар жасында дүниеден өтті. біздің отбасымызға зор қайғы алып келген сол жағдайды еске алған сайын көп ойланамын. Өмірдің барлық қиындығын - жетімдікті, Ұлы Отан соғысының қанды кезеңін бастан кешкен оның маңдайына ұзағырақ өмір сүріп, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздік алуы тәрізді тарихи оқиғаның куәгері болу бақыты неге жазылмады екен? Жаңа дәуірге аяқ баспастан бұрын-ақ осы төңіректе әңгіме бола қалғанда, ол Қазақстанның шетелдерде дипломатиялық өкілдіктері бар тәуелсіз, дербес мемлекетке міндетті түрде айналатынын айтатын. "Еркіндігі жоқ елдің ертеңі де жоқ" деген нақылды жиі қайталайтын.
Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі Кемел Тоқаевтың өмірі қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келген. Өткен ғасырда қазақты қан қақсатқан қасірет Тоқаевтар әулетін де айналып өтпепті. Байлар мен орта дәулетті ауыл қазақтарын ұжымға зорлап кіргізу, көнбегендерін жер аудару кезінде Кемелдің әкесі әйелі мен қарғадай екі ұлын, бір қызын ертіп іргелес жатқан қырғыз еліне, қазіргі Бішкек қаласына бас сауғалап кетеді. Онда барғаннан кейін де көрген азаптары, тартқан қиындықтары аз болмайды. Сол сұрқай тірліктен әйелі сал ауруына шалдығып, төсек тартып жатып қалады.
- Әкемнің туған жері - Алматы (бұрынғы Талдықорған облысы) облысының Қаратал ауданы, Қалпе ауылы. Ол отбасындағы екінші бала. Үлкен ағасы Қасым қазақ дәстүріне сәйкес атасының қолында тәрбиеленіп, сол себепті басқа фамилияға жазылған. Әкемнің қарындасы болған.
... Мал-жанынан айырылған қазақтардың көбісі Қытай еліне қоныс аударған. Алайда, әкемнің айтуынша, атам ол жаққа барудан бас тартқан. Жат жерде өмір сүру отбасына әлдеқайда ауыр тиетінін және ең бастысы - Отанмен, туған-туыстармен байланыс үзіліп қаларын білген. Сондықтан отбасы кеңесе келе қазақтарды қынадай қырған аштықтан құтылу үшін, кесапатты кезең өткенше Фрунзе қаласына барып, өлмеудің қамын жасап, тірлік етуге тоқтаған. Фрунзеге дейінгі жол ауыр және ұзақ болған. Алайда, олар қалаға аман-есен жетіпті.
"Әке туралы толғаныста" Қасым-Жомарт Тоқаев Фрунзедегі әкесінің өмірі мен сонда паналаған үйін кейін көргісі келетінін жазады.
- Қазақ отбасын паналатқан қожайынның есімі Яков екен, қазақ тілінде айту қиын болғандықтан ол бірден "Жақыпқа" айналып кеткен. 70-ші жылдары әкем маған Бішкекке барып, сол үйді көргісі келетінін айтатын. Қым-қуыт тіршіліктің уайымымен жүріп сапарын кейінге қалдырумен болды, ақыры бара алмай кетті...
Қара үйдегі қасірет
- Ол ең ауыр жыл еді, жұрт аштыққа ұшырап, күн сайын мыңдаған адам ажал құшып жатты. Келе жатқан қаһарлы қыс ең ауыр сынақ болды. Кедейлер үшін қыс ешқандай жақсылық әкеліп жарытпайтындығы белгілі. Сол қыста мерт болғандардың арасында әкемнің жақын туыстары да бар еді, - деп жазады кітапта.
Қожайынның үйінде жұмыс істеп жүрген күндердің бірінде атам еңбегіне алған ескі етікті нанға айырбастау үшін қала базарына барады. Жейтін бірдеңе іздеу мақсатында ағасы Қасыммен бірге әкем де базарға кетеді. Қалаға барар жолда оларды қаңғыбас балаларды жинап жүрген милиция патрулі тоқтатады. Нашар киінген екеуін тұл жетім - қаңғыбас балалар деп ойлап, оларды күшпен арбаға отырғызады. Балалардың қаңғыбас емеспіз, біздің ата-анамыз бар деген сөздеріне, жалынып-жалбарынғанына милиционерлер назар аудармайды. Тіпті олардың бірі "егер де қарсыласа берсеңдер, құдыққа тастап жібереміз" деп қорқытады. Осыдан кейін балалар тынышталып, тағдырдың дегеніне мойысұнып, сабасына түскен. Бір сағаттан соң оларды жетімдерді қабылдайтын жерге әкеледі. Құжаттарын шұғыл рәсімдегеннен кейін балалар үйіне апарған. Осылайша әкем аз ғана ғұмыры қалған ата-аналарының көзі тірісінде-ақ жетім атанған.
Сол қасіретті күні әжем үйде кіші қызымен қалады. Әкемнің қарындасы қатты суықтан қорғанып, пештің жанында ойнап отырған екен. Бір кезде аяғы тайып, жанып тұрған отқа түсіп кеткен. Төсекке таңылған ана сәбиіне қол ұшын соза алмайды. Туған баласы тірідей өрт құшағына оранған қасіретті оқиғаны көруден басқа дәрмені жоқ ана жүрегі де осынау жан шошырлық көрініске шыдай алмай, бірнеше минуттан кейін мәңгілік тыныс тапқан. Бір сұмдықты сезген атам мен Яков жүгіріп жеткен. Қайғылы оқиғаны көріп, әл-дәрмені құрыған атам әйелінің жанына тізерлей отырып, егіліп жылаған. Осы аралықта Яков пешке су шашып, одан жанып кеткен қыздың денесін шығарып алған.
Яков атама әйелі мен қызын жерлеуге көмектескен, одан кейін екеуі жоғалған балаларды іздеуге шыққан. Ұзақ уақыт іздегенмен нәтиже болмаған. Ешкім де олардың қайда екендігін айтып бере алмаған. Көршілерінің бірі балаларды бір үлкен адамдар күшпен арбаға отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткендігін айтады. Бұл әйелі мен қызының өліміне қосымша тағы бір үлкен соққы болды. Оған қос ұлын қылмыскерлер немесе әлдекім құлдыққа алып кеткендей көрінеді. Ол кезде мұндайлар көп екен. Үйге әрең дегенде жеткен ол Яковке өмірдің мүлде мәні қалмағанын айтып мұңаяды. Балалардың бірі қайтып оралатын болса қол ұшын беруді сұрайды. Сол түні атам үйден біржола кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Осылайша ол із-түзсіз жоғалған.
Әке өміріндегі ең қиын кезең
Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел ағасымен бірге балалар үйінде өскен. Ондағы қиын тағдыр жайлы да "Әке туралы толғаныста" айта кетеді. Әкесінің ағасы Қасым соғыс жылдары майданға аттанып, көз жұмады.
- Студент кезімде мен әкемнен оның өмірінің ең қиын кезеңі туралы сұрадым. "Мен үшін ең қиын сәт ағамның қайтыс болғаны туралы хабарды - "қарақағазды" алған сәтім болды", - деді ол. Қасым аға 1942 жылдың ақпанында қаза тапты. Әкем бауырының хаты мен Кеңес армиясының лейтенанты шенінде түскен суретін көзінің қарашығындай сақтап жүрді. Суреттің артқы жағына өз қолымен қарындашпен "Інім Кемелге естелік үшін" деп жазған. Әкем Қасымның жиі түсіне енетіндігіне, ақыл айтып, кеңес беріп, оны өмірдің қиянаттарынан сақтандырғысы келетін сыңай танытатынын жиі айтатын. Кейде маған әкем туған ағасы аяқ асты тіріліп келеді деп үміттенетіндей көрінетін. Осындай сәттерде ол: "Мүмкін, ол ауыр жарақаттан немесе контузиядан кейін госпитальда жоғалып кеткен шығар, соғыста бәрі болады ғой. Мен ауыр жарақатпен Гомель, Омбы, Алматының әскери госпитальдарында жатқанда аяқсыз, қолсыз қалған көптеген жауынгерлердің отбасына оралудан бас тартып, вокзалдар мен бекеттерде қалып жататынына куә болғаным бар", - дейтін. Алайда, Қасым оралған жоқ. Кейінірек, оның майданда қаза тапқаны туралы ресми қағаз келді. Осыдан кейін ғана әкем мынау жарық дүниеде Тоқаев әулетінен жалғыз өзі қалғанын мойындап тынды.
Неге Қасым-Жомарт қойды?
Қыршын кеткен Қасымның аты өшпесін деп, әкесі есімін Қасымжомарт қойғанын, анасы көзі жұмылғанша Жомарт деп кеткенін баяндайды.
- Өзімнің есімім үшін тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жомарт атапты, - деп жазады президент.
"Әке туралы толғаныстың" екінші тарауы "Соғыс" деп аталады. Әкесі Кемелдің майдандағы өмірі мен одан кейінгі бұралаң тағдыр жолы айтылады. Алапат соғыстағы ауыр жарақаты мен соғыстан кейінгі жан жарасы баяндалады. Ал үшінші тарау - "Әдебиетке барар бұралаң жол".
Кемел Тоқаев соғыстан кейін Алматыға келіп, С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. М.Әуезов секілді танымал жазушылардың дәрісін тыңдап, жазушылық бағытқа бет бұрады.
- Университетке түсу ауыр да азабы көп өмірінің ең бақытты шағы болғанын әкем үнемі айтып отыратын. Бұл түсінікті де еді. Себебі - 22 жылдың ішінде оның көңілінде алғаш рет болашағының жарқын болатындығына деген үміті оянды, - деп жазады.
Қасымжомарт "Әке туралы толғаныста" әкесі құрмет тұтқан алаш азаматтары мен ірі тұлғалар, сыйласқан қазақ қаламгерлері мен достары, қоғам қайраткерлері туралы да ағынан жарыла баяндап, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, аға-ұрпақтың бір-біріне деген ерекше мейірім шапағатына, қамқорлық қайырымына нақты дәлел дәйектер келтіреді. Төртінші тарауды әкесінің шығармашылығына арнайды.
- Кез келген перзент ата-анасын кие тұтады. Ол үшін әке-шешесі тұтынға әрбір зат қастерлі. Мен үшін де әкем жазған кітаптар соншалық бағалы, қымбат. Ол кісіні сағынғанда сол кітаптарды қолыма аламын, бала кезімде оқыған, кейін қайталаған сол шығармалардың әр-әр тұсына көз жүгіртемін.
... Ешкім оқып жазушы болмайды. Жазушылық - жаратқанның берген сыйы. Сол сыйдың қадір-қасиетін біліп, соған лайық еңбек ете білген адам ғана дегеніне жетеді. Кейбіреу осы құдай берген қабілетін дұрыс пайдалана алмайды. Себебі - ол адамда өмірбаян болмайды, жазатын шығармасына арқау боларлық өмірлік материал өте аз, - деп ой түйеді.
Кемел Тоқаев неге детектив жанрын таңдады?
Қасымжомарттың әкесі қазақ әдебиетінде детектив жанрындағы туындылардың негізін қалаушылардың бірі.
- Әкемнің шығармашылығы туралы ойлағанда оның не себепті детектив жанрын таңдағанына жауап іздеймін.
Бала кезімде бұл мәселеге мән бермеуші едім, өйткені адамды бірден жетелеп алып кететін шым-шытырық оқиғалы шығарма шаршатпайтынын, еліктіріп, қызықтырып отыратын. Сол себепті де мен балалық талғамның таразысына салып бағалап, мұндай дүниелерді ең үздіктер санатына қосушы едім. Кейін ержеткен соң дүниеге ақылдың көзімен қарайтын болдық қой. Бірақ бәрібір сол баяғы бала кезімдегі көзқарасымнан айнып көрген жоқпын. Қайталап оқығанда ұғынғаным - әкемнің шығармалары үлкенге де, кішіге де түсінікті екен. Олар уақыт, заман өзгергенде із-түзсіз жоғалып кететін арзан кітаптардың санатына қосылмайды екен. Ол кісінің оқырманының көп болатыны, кітаптарының жүздеген мың данамен тарағаны осы жағдайларға байланысты-ау деп ойлаймын.
Әкем осы шындықты білген сияқты. Оның детектив жанрын таңдап алуында осындай бір сыр бар-ау шамасы. Сонымен бірге бұл қазақ әдебиетінде әлі түрен түсе қоймаған тың жатқан жанр еді. Әкемнің ерте танылғаны тыңға алғашқылардың бірі болып түрен салғанына байланысты. Демек, ол кісінің детектив жанрына өз отауын тігуі оның шығармашылық өмірінде елеулі роль ойнады, - деп жазады Қасымжомарт Тоқаев.
Сондай-ақ әкесінің "Соңғы соққы" романына ерекше тоқтала кетеді. Бұл шығарманы әдеби сын қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы детектив роман деп бағалаған.
Өкінетінім - әкеммен сырласқан сәттерім аз болды
- Бұрын да әке мен бала арасындағы сырласу сәттері аз болмайтын. Жалпы тірлігінде ол кісі маған көп сырын ақтарды, айтылмаған, айта алмай кеткен мұң-шері де аз емес-ау деп ойлаймын. Екеуміздің арамызда болған сондай сәттер есіме түскенде әкеме деген сағыныш көңіліме мұң қамайды. Өкінетінім – біздің сырласу сәттеріміз аздау болыпты. Алды-артымды толық танып болмай жатып мен Мәскеуге оқуға кеттім, каникул уақытында ғана Алматыға, ата-анама келіп тұрдым. Оқу бітірген соң менің шет елдердегі көп жылдық “көшпенді” өмірім басталды да, әкем екеуміздің арамыздағы сырласу, әртүрлі тақырыптағы ашық әңгімеміз бірте-бірте сирей берді.
Осы күні оның кітаптарын қайталап оқу арқылы әкеммен сырласамын, мұңдасамын. Оның сан қырлы тағдырлы кейіпкерлерімен жан-жақты танысып, олардың болмыс-бітімінен, табиғатынан әкеме ұқсас мінез, қасиет, сипат іздеймін. Кейде жағымсыз, аяр кейіпкерлердің әрекеттеріне ой көзін жіберіп, әлгілердің жан дүниесіне тереңірек бойлауға тырысамын. Олардың тағдыры да әкемнің ой елегінен, жүрек сүзгісінен өтті ғой, - деп ойын жалғайды.
"Әке туралы толғаныстың" бесінші тарауы "Кемел Тоқаев және оның замандастары" деп аталады. Қасымжомарт бұл тарауда әкесінің студенттік шақтағы достары, қаламдастары мен замандастары туралы кеңінен айта кетеді.
Қасымжомарт Тоқаев ғұмырнамалық эссенің соңғы тарауын "Ана" деп атаған. Ананың балаға деген мейірімін әңгімеге тартымды арқау етеді.
- Біздің анамыз ұсақ-түйек нәрсеге дейін бәрін білу қажет деп санады. Ол кісінің қатысуынсыз өткен ата-ана жиналысы жоқ та шығар, сірә. Төрт баласының барлық мұғалімдерін жақсы білетін. Біздің балалықпен жасаған тентектігіміз, қуаныш пен күйініш-сүйінішімізге қатысты жайдың бәрі оның назарынан тыс қалған емес. Басқаша айтқанда, анамыздан жасыратын құпиямыз болған жоқ, - деп жазады.
Ал өзінің тіл үйрену мен болашақ мамандығына деген мақсатын айрықша баяндайды.
- Жоғары сыныптарда мен "Известия", "За рубежом" және ағылшын тіліндегі "Морнинг Стар" сияқты газеттерді құмарта оқи бастадым. Алдыма халықаралы істермен айналысатын маман болуды мақсат етіп қойғандықтан шет тілдерін білгім, түрлі елдердің тарихы мен әлемдік экономиканы үйренгім келді. Тіпті ағылшын тілінде өзімді қызықтырған мәліметтер, күнделікті көп қолданылатын сөздер жазатын арнайы дәптерім болды. Әке-шешем бұл ісімді қолдады, - деп айтады.
Бұл Қасымжомарт Тоқаев жазған "Әке туралы толғаныстың" бір парасы ғана. Эсседе шынайы мағлұматтар берілген. Күйбең тірліктің қамытын арқалап жүрсе де, адалдық пен ар сақтауды ұмытпаған жазушы болмысын танып, разы боласың. Кемел Тоқаевтың жазушылық, майдангерлік, қайраткерлік қырлары көрініс табады. Ал толықтай мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.
О. Сансызбай