- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- "Жиенбет батыр...
"Жиенбет батыр – тарихи тұлға" атты республикалық конференция өтті
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Алматы шаһарындағы Ұлттық кітапханады "Жиенбет батыр – тарихи тұлға" атты республикалық ғылыми-танымдық конференция болып өтті. Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовтың тізгіндеуімен басталған шараға Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов сынды танымал адамдар, зиялы қауымдар және тарихшылар қатысты.
Игі шарада Тарихи мұралар орталығының жетекші маманы, батырдың тікелей ұрпағы Аспандияр Әденұлы баяндама жасады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев "Рухани жаңғыру" бағдарламасында: "Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті", – деген еді. Ендеше "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ерлік жолын үлгі етуге арналған шарада жиналғандарға белгілі ғалымдар батырдың өнегелі өмірі туралы айтты. Сыртқы жаулармен шайқаста ел бірлігі мен жер тұтастығы үшін күрескен Жиенбет батыр Байқошқарұлы ерен ерліктерімен көзге түсіп, Қаратаудың жас жолбарысы атанған. Абылайхан заманында болған барлық қиян-кескі шайқастардың бел ортасында жүрген. Жиенбет батыр туралы деректер Мәскеу мен Қытай архиві, ел ішіндегі тарихшы-шежірешілердің жазбалары мен ауызекі әңгімелерде сақталған.
Жиембет батыр, би әрі жырау болған тұлға. Ер Есімнің кезінде кіші жүздің бас биі болған қайраткер. Тіпті Есім ханның өзіне қарсы шығып:
"Еңсегей бойлы Ер Есім!
Есім сені есірткен,
Есілде менің кеңесім.
Ел білгеннен Есім хан,
Қолыңда болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға,
Есіктегі ебесін;
Сонда ханым не десін?!
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде,
Не деп жауап бересің?...", – деген өлеңі ел аузында әлі де сақталған.
Конференция соңы қазақ эстрадасының жұлдыздары Марат Омаров, Төлжанбек Жақсыбаев, Сәкен Майғазиевтердің қатысуымен шағын концертке ұласты.
Т. Раушанұлы