Рухани жаңғыру: жастар үшін маңызы қандай?

Рухани жаңғыру: жастар үшін маңызы қандай?
Фото: Kerey.kz

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының түп мақсаты халыққа арналғанымен, соның ішінде жастарға деген үлесі басым. Не себеп? 

Тәуелсіздік алғалы 25 жылдан асты. Егемен ел болған Қазақстанның алғашқы ұрпағы ат жалын тартқан азамат, елдің тізгінін ұстайтын халге жетті. Сондықтан болар аталған мақаланың негізгі көзі жастарға ескерту, олардың көзін ашу, алға жетелеу.  

Мақалада кездесетін «бәсекелестік», «білім», «ғылым», «тұтастық», «ұлттық код» сынды сөздердің жастар үшін маңызы зор. Себебі білімдінің мыңды жығар заманы келе жатыр. Сандық Қазақстанның болашағы өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында. Себебі ХХІ ғасырдың ұрпағы сандық әлемге етене енбесе, Кеңестік кезеңнің дәмін татқан буынның икемі бірден келе бермейді. Басты талап меңгеру. Қай жағынан келсе де кез келген саланы жіті меңгере отырып, жұмыс жасау. 

Мақалада көрсетілген орындалу керек міндеттердің бәрі дерлік жастар алдында тұрған міндеттер. Тіл үйрену, қабілетті болу, ел үшін тер төгу. Елбасының бұған дейін де «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» деген сөзі де әлі ықпалын жоғалтқан жоқ. Тіпті бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табатын дана сөз болып қалары анық. 

Жастардың билікке келуі, олардың сауаттылығы мен ел басқарудағы әрбір міндеттері маңызды рөл атқарады. Шалалыққа бармас үшін әрбір қазақстандық жас осы мақаладағы көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар негізінде жұмыс жасауы керек. 

М. Ақан