Абайдың "Айттым сәлем, Қаламқас" әніндегі Қаламқас кім?

Абайдың "Айттым сәлем, Қаламқас" әніндегі Қаламқас кім?
Фото: baq.kz

«Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас...» деп басталатын Абайдың әйгілі әнін білмейтін қазақ кемде-кем. Тыңдарманы қалың, үлкен сахналардан бастап ауыл арасындағы жиын-тойларда, көңілді кештерде шырқалып, бүгінге дейін ел ішінде сүйкімін жоғалтпай келе жатқан бұл туынды әр қазаққа, тіпті, өзге ұлт өкілдеріне де жақсы таныс десек, артық айтқан болмас едік. Бәріміз болмағанмен, көпшілігіміз әнді тыңдап, сүйсінгенмен ондағы кейіпкердің кім екендігіне үңіле бермейміз. Абайдың осы әніндегі Қаламқас кім? Белгілі журналист Жолымбет Мәкіш осы жөніндегі деректі өзінің фэйсбук парақшасына жазған еді. 

Найман елінде Абай мен Қаламқас туралы ертеден бері келе жатқан ескі аңыз бар. Баяғыда осы өңірде Тана мырза дейтін атақты адам өткен. Ол келе жатыр дегенде, Құнанбайдың өзі тойды тоқтатып қойып, Тана мырзаның (өз кезінің авторитеті) келгенін күтетін көрінеді. Қаламқас – осы Тана мырзаның інісі Жәнібектің қызы болып шықты.

Жәнібектің осы қызын Тана мырза бауырына салып өсірген. Шын аты Тұржан екен. Бірақ осы Тұржан сұлудың аты тарихта «Қаламқас» деген атпен қалады...

Бірде, аға сұлтандықтан дәмелі болып сайлауға қатысқан Тана мырзаның жолы болмай қалып, орнына Сандыбаев Ерден сайланып кетеді. Соған қатты назаланған Тана мырза қайғырып жатып қалады. Бәйбішесі оның көңілін ауламақ болып, өзеннің Ертіске құятын түбегінен мешіт салдырта бастады. Мешіт салынып біткенде алыстан оған құтты болсын айтып Құнанбай да келіп жетеді. Он сегіз жастағы Абай осы кезде әкесіне жанында жүреді.

Тана мырзаның ауылына келіп түскенде, олардың көзі жартылай қала үлгісімен киінген сұлу бойжеткенге түседі. Жеңгелері Қаламқас деп атап кеткен Тұржанға Абайдың бірден көңілі құлайды. Әдепті, өңді қыз Құнекеңе де ұнап қалып, құда түскісі келеді. Бірақ Тұржан бала кезінде Байжігіт елінің Өзіхан деген жігітіне атастырылыпты. Ол да бір аталы жер. Тана мырза осыны естірткенде, Құнанбай аз-кем ойланып қалды. Оған да қарамай бір себебін табар ма еді, осы кезде орданың маңында аяқ асты күтпеген оқиға болмаса. Соқыр түйесін дегеніне көндіре алмай жатқан бір адуынды жігіт оны боқтап жібереді де, бұл сөз құдалықтың жай-жапсарып ойластырып отырған Құнанбайға тиіп кетеді..

ШМВ:::: Соқыр түйені тұрғыза алмай ұрып жатыр... Көзіңді, қу соқыр...

Бұны құлағы шалған Құнанбай оны өзіне қарата айтқандай қабылдап, әлгі жерде бұлқан-талқан болып ашуланды. Оны әдейі істеп отыр деп ойлап, әлгі жігітке ат-шапан айып кестіреді де, қоналқыға қарамай жүріп кетеді..

– Ойбау-ау, Құнеке! Айдаладағы біреудің сөзін сонша көңілге алғаныңыз не? 
– Сен осыны әдейі істеттің... Кеттік, Абай!

Тұржанға көңілі кетіп отырған Абай әкесінің соңынан еріксіз ілесті. Бұл оқиға болмағанда, екеуі жарасып кетіп, ұлы ойшылдың кейінгі өмірі мүлде басқа арнаға түсер ме, кім білсін?! Тана мырзаның ордасынан аттанған Абай жүрегінің бір жартысын осы жақта қалдырып бара жатқандай аласапыран күй кешті. Ауылдан ұзап бара жатқанда аз уақытқа аялдап, артына бұрылып қараған. Тұржан сұлу оған «неге сонша асықтың, Абай?» деп алыстан қол бұлғап тұрғандай болды..

Бөгеліп, артына қарап тұрған Абай осы кезде ұзап бара жатқан әкесінің артынан шаба жөнелді....Шауып бара жатқан аттың аяғының дүбірі естіледі...

Бұл оқиғадан кейін «Түйені соқыр десе, Құнанбайға тиеді» деген мəтел қалыпты. Екі жастың болашақ махаббатына да осы бір келеңсіз жәйт кедергі жасап, екеуі бірер мәрте хат алысып, өткен-кеткен кісіден сәлем айтып жібергеннен арыға бара алмайды. Барып қайтуға жер де шалғай. Қаламқастың жастай атастырылған күйеуі көп ұзамай ауырып қайтыс болады да, өзі біраз уақыт оң жақта отырып қалады. «Отырған қыз орнын табады» демекші, ақырында, Тұржан Сыбан еліндегі Быжы-Тоқтар деген саудагер сарттың ауылына келін болып түседі. Ескі құлақтардың сөзіне сенсек, соңында ұрпақ қалмаған екен. Абайдың Қаламқасқа деген шексіз махаббаты осы кезде өлең болып өріліп, қағаз бетіне түсіпті....

Ж. Жұмағұлов