Абай Құнанбайұлы – жан жарасы жазылмаған ойшыл

Абай Құнанбайұлы – жан жарасы жазылмаған ойшыл
Фото: radioazadlyg.org

Қазақтың көрнекті жазушысы Роллан Сейсенбаевтің Абайдың 150 жылдығына арнап жазған көлемді мақаласынан үзінді ұсынамыз. 

Қазақтар ең бір ұлы ұлын аялай ардақтап, Абай атаған. Абай – ұлы ақын, композитор, аудармашы, философ һәм қоғам қайраткері. Абай – қазақ поэзиясындағы ең бір трагедиялық тұлға. Ол – жан жарасы жазылмай кеткен ойшыл. Қазақ поэзиясын Абай тұңғыш рет терең философиялық қуатты оймен суарды. Дешті Қыпшақ даласына жаңа поэзия қамалын соғып, ой мен суреткерлік то­ғысқан кенен бұ­лақтың тұнық көзін алғаш ашты. Абай есі­­мі­мен қазақ топырағына философиялық және стилистикалық бағыттағы жаңа поэзия келді. Поэтиканың басты қос ба­ғытынан, егіз тармағынан қазақ поэзиясының шалқар көкжиегі анық көріне бастап еді. Қазақ ортасында идеялық жаңа тыныстың қанаттануына Абайдай жан салған ойшыл кемде-кем, идеялық өрістің отын жағу үшін, шоқтанып қалған халықтық сезім мен ұлттық дәстүрді жедел дамыту керек болды. Сонау XIX ғасырдың соңында сомдалған Абай жыры XX ғасырдағы реалистік поэзияның биік шыңына айналды. Поэзияда еншісі бөлінбейтін, жаттықтан ада ірі тұлға бейнеленуі қажет. Абай қашан да халық жағында, ақынның ой алаңында халық – өнердің алтын діңгегі, әлемдегі рухани байлықтың жалғыз қазынасы болып ерекшеленеді. Ақын халқының фольклордағы образдық тұтастық қасиетін сырттан ғана қызықтаған жоқ. Абайдың ұлылығы халық поэзиясының об­раз әлеміне терең еніп, өмір, махаббат, өлім ұғым­дарына ғарыштық мағына беруінде жатыр. Абай поэзиясының бояуы, нақышы, әдеби, философиялық ерекшелігі мен еркін­дігі барған сайын кемелдене түсті. Абайды оқып отырып, оның ұлан-ғайыр суреткерлік шеберлігіне таңғаласың; әндік қайырым, импрессионистік дәлдік, нәзік стиль, салмақты тереңдік, жан тебірентер әуен ақын ыңғайына көніп жүре береді. Абай поэзиясы сиқыр үн мен құпия сырға тұнып тұр. Абай өлеңі – қуатты жан тебіренісі, қайыспас жанкештілік және ішкі бостандық. Сонымен бірге, адам баласының басына түскен әділетсіздікке қарсы ұят пен намысқа толы ақын үні ғайыптан қосылып, атойлап тұрып алады. Ақын шығармашылығы шексіз қайғы мен жанталас қасіретке толы. Абай лирикасы – адамның қапалы өміріне назаланған жан азасы. Адам бойындағы сезім, өмір мен өлімге шақ болуы керек, өйткені өлімнің еншісі жаңа өмірмен ғана қайырылмақ. Абай поэзиясы ой мен сезім әлемін еркін жетелеп, қазақтың тарихи тынысын да, ғаламдық болмыстың тынысын да кең ашады. Оның мұңға тұнған әндері биік ақыл мен саф тазалыққа шақырады. Абайдың бойына біткен өнер қуаты көңіліңді қыздырып, жаныңды жаңғыртады. Ақынның ұлылығынан жаратылып, сомдалған суреткерлік әлем қазақ дала­сы­ның тылсым қуатын танытады. Оның шығар­машылығы тірліктің терең тамырынан үздіксіз нәр алған. Ақын жаны әлем әдебиетімен терең суа­рылғаны сонша, араб, парсы, орыс ақын­да­рының мыңдаған жолдарын жатқа айтып отыратын болған. Абай ұлы ақын ретінде әлем тынысын өз жүрегінен өткізді, сонымен бірге, өз жан әлемін өз ішінен қорытып шығара алды. Сонан да оның шығармашылығы сырт­қы әшекей мен жалған бояудан мүлде ада. Абай өмір бойы сыртқы ортадан бойын жиып, тартынып қана қойған жоқ, фео­дализмнің зорлық пен зомбылық жеңген қапас құрсауынан құтылуға жан салды. Жасында зер қойып, қанаттанған дала ақындарының бір сарынды дидактикалық қайталауларынан ойысып, дара шығып, тың образ бен тың идея аясына ұмтылды. Бұл көне тіршіліктің ыңғайында қалған күндерінен жеріп, жаңаша қалыптасқан адамдық идеялар мен адамдық ойларға батыл ­бет­бұрысы болатын. Ақын ерекшелігі, өмірді – сүйіп-күюдің ордасы немесе тағдырдың межелі бөлігі деп емес, ұзақ, күрделі күрес жолы деп ұғынуында. Өлең әлемінде мәңгі ғұмыр кешу үшін айтулы жанкештілік керек. Поэтикалық жанкештілік қана сөз құдіретін сөндірмей, адамзат көшін ілгері бастай алады. Абай өлеңі енді поэтика­лық шарттыққа емес, ұстамды ой әлемінің толассыз көшіне ілесті. Бұл сөз қадірін биік деңгейге көтерді. Ақын шығар-машылығының басты бағыты – адам мен ғарыштың, жан мен тіршіліктің тынымсыз бірлікте екенін ұғындыру болды. Абай өлеңдерінде рухани һәм тарихи құ­былыстардың ажары терең бейнелене түскен. Абай әлемінің шын мәнін, қазақтың ой кеңіс­тігіндегі алатын орнын пайымдағанымыз XX ғасырдың 40-шы жылдарында ғана. Халыққа ақынның ұлылығын ұғындырған «Абай» романы еді. Абайдың классикалық үлгідегі ақын екенін, оның ақиқатқа толы поэзиясында жаңа өмірдің ұрығы барын, сол жаңа өмірге талпынған, қуатты ой империялық езгіні жарып шығуға бет алғанын көрсеткен де ұлы Мұхтар Әуезов болатын.

Мақала "Абай Құнанбаев. Хикмет кітабынан" алынды 

М. Оңғарова