Елімізде ақылы жолдан түсетін табыс артпақ

Қазақстанда ақылы жол учаскелерінің тарифтері өзгермек. Қазіргі таңда елімізде 11 ақылы жол учаскесі бар көрінеді. Оның жалпы ұзындығы 2200 шақырымға жетеді. Келесі жылы ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 2500 шақырымға дейін жетпек.

Елімізде ақылы жолдарға жаңаша тариф бекітілгені жайында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлім етті.

"Қазақстанда ақылы жолдарға тариф енгізу 2013 жылдан басталған. Алғаш "Астана-Щучинск" жол учаскесін ақылы еткен едік. Содан 2021 жылға дейін ақылы жол учаскелері кезең-кезеңімен берілді. Қазіргі таңда ақылы жол учаскелері 2013 жылғы тарифпен есептеліп жүр. Осы жылдың соңында жаңаша абоненттік төлем түрі енгізіледі", - дейді комитет басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде.

Оның айтуынша, автокөліктің түрі мен санатына қарай 6 тариф түрі енгізілмек. Олар мыналар:

1. 1 жылға жеңіл автокөліктерге – 1000 теңге;

2. 16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 2 АЕК, жылына 20 АЕК;

3. 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 4 АЕК, жылына 40 АЕК;

4. 32 орыннан жоғары автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 6 АЕК, жылына 60 АЕК;

5. 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 8 АЕК, жылына 80 АЕК;

6. 15 тоннадан астам жүк көліктері – айына 10 АЕК, жылына 100 АЕК.

Үкіметтің 2013 жылы ақылы учаскелерге бекіткен тарифі мынадай:

- жеңіл көлік үшін – шақырымына 1 теңге;

- 16 орынға дейінгі автобустар және 1-ден 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 5 теңге;

- 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 10 теңге;

- 32 орыннан жоғары автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 15 теңге;

– 10-нан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 20 теңге;

- 15-тен 25 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 25 теңге.

"Бір ескере кетерлігі, ақылы жол учаскелері маңайында орналасқан елдімекеннің тұрғындары ғана осы абонентті рәсімдей алады. Ал абонентті рәсімдеу тәртібі "ҚазАвтожолдың" сайтында жарияланбақ", - деп түсіндірді Төлеген Абдуллин.

Комитет төрағасының айтуынша, биыл 10 айдың ішінде ақылы жол учаскелерінен барлығы 25 млрд теңге пайда түскен екен.

"Түскен қаржы жол учаскелерін күтіп ұстау мен жөндеу шығындарына жұмсалады", - деп сендірді комитет басшысы.

Сондай-ақ сөз барысында комитет төрағасы ІІ деңгейлі жолдардың біразы ақылы болатыны да айта кетті.

"2023 жылы жолдың нормативті жағдайына қарай екінші деңгейдегі тасжолдардың кейбірін, шамамен, 2500 шақырымын ақылы етуді жоспарлап отырмыз", - деді ведомства басшысы.  

Айта кетейік, елімізде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымға жетеді екен. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, қалған 71 мың шақырымы облыстық және аудандық маңыздағы жолдар саналады. Республикалық маңыздағы жолдары күтіп-ұстау және жөндеу міндетіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты болса, облыстық және аудандық жолдар жергілікті атқару органдардың – әкімдіктердің жауапкершілігінде. Ал жолдарды күтіп-ұстау мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастыратын – бұл "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.