Жыл басынан бері күре жолдың 4 мың ақауы жөнделді

Жыл басынан бері күре жолдың 4 мың ақауы жөнделді
Фото: ortalyq.kz

2022 жылы 1 қаңтардан 1 қарашаға дейін республикалық маңызы бар жолдардың 5 мыңға жуық ақауы анықталып, соның 4 мыңы жөнделген. Бұл жайлы Республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы («ҚазАвтоЖол» ҰК») ақпарат берді.

Компанияның берген хабарына сенсек, күре жолдардан анықталған ақаудың 81 пайызы қалпына келтірілген көрінеді.

«Астана-Ерейментау-Шідерті», «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы», «Щучинск-Зеренді», «Семей-Қайнар» және «Өскемен-Семей», т.б. күре жолдар жөнделген.

«Қалған ақауларды биылғы жылдың соңына дейін жою жоспарланып отыр», - делінген компания таратқан ақпаратында.

Ұлттық компанияның дерегіне қарағанда, оның техникалық саясат және сапаны бақылау департаментінің қызметкерлері жөнделіп жатқан жолдың құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын бастан-аяқ тұрақты бақылауда ұстап, тексеріп отырған. Департамент қызметкерлері жол жөндеу жұмысын қолға алған мердігердің зертханалық жабдықтары мен техникалық ерекшеліктерін тексеріп, сарапшылардың біліктілігін бақылаған.

Соның арқасында биыл 11 айда техникалық қадағалау қызметіне 100 млн теңге айыппұл салынған.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Меркі-Бұрылбайтал», «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Өнеге-Бисен-Сайхин» және т. б. күре жолдарда құрылыс-монтаждау жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Қ. Слямбек