БҚО-да ауыл әкімі жол апатынан қаза тапты

БҚО-да ауыл әкімі жол апатынан қаза тапты
Фото: Әлихан Сариев

БҚО-да Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов жол апатынан қаза тапты, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД".

БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 23 маусымда сағат 1:50-де Жәнібек-Талов тасжолының 25-шақырымында, Тау ауылының маңында болған.

"Volkswagen Polo жүргізушісі рөлді басқара алмай, көлік шұңқырға құлап кетті. Салонда бір адам болған. Ол жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Қаза тапқан адамның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді, - деп түсіндірді ведомство өкілі.

Марқұм Тау ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген. 34 жастағы Нұрлыбек Төрешовтің артында әйелі мен төрт баласы қалды.

"Ауылдық округтердің ең үздік әкімдерінің бірі болды. Бұл - орны толмас қаза. Ол кеше ғана мемлекеттік қызмет күніне арналған барлық іс-шараға қатысты", - деп атап өтті Жәнібек аудандық Ішкі саясат бөлімінің қызметкері.

Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі "Жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

Ж. Қадыржанова