"Алтын Орда" базарынан тағы заңбұзушылықтар анықталды

"Алтын Орда" базарында сауда орындарын жалға беруде жоғары баға белгіленген. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өкілі мәлімдеді, - деп хабарлайды tengrinews.kz.

БҚДА мәліметінше, Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС-нің қызметін тексеру нәтижелері бойынша базарға қатысты әкімшілік іс қозғалған.

"Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС бұйрығына сәйкес, сауда орнын күнделікті жалға алу бағасы жүк көлігіне 15 мың теңге, MAN, КамАЗ автокөліктеріне 7-ден 8 мың теңгеге дейін, Sprinter 6 мыңнан 7 мың теңгеге дейін, ГАЗельдер 5 мың теңге, жеңіл автокөліктерге 3,5 мың теңге болған", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, наурызда 2021 жылдағы көтерме-әмбебап базарда көтерме сату үшін сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізілген.

"Монополияны 100 пайыз акциясы бар Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС иеленіп отырғаны анықталды. Осы базардың маңызы және сауда орындарының жоғары бағалары азық-түлік бағасының көтерілуіне әкелетінін ескеріп, базардың іс-әрекеттерінде үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу деректері анықталды", - деп толықтырды монополияға қарсы қызметкерлер.

Тексеріс қорытындысы бойынша, мамырда Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалған. Материалдар Алматы облысының Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданған.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпанда әкімдерге "Алтын Орда" базарында тәртіп орнатуды тапсырған еді.