Түркістан облысында жантүршігерлік оқиға болды

Түркістан облысында 8 жастағы қызды өгей әкесі зорлаған, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. 

Телеарна мәліметінше, дәрігерлер баланың өмірін аман сақтап қалу үшін, оның жатырын алып тастауға мәжбүр болған. Жеткіншектің анасы бауыр етінің бақытты балалық шағын ұрлаған адам қатаң жазаланғанын қалайды. Оның айтуынша, сұмдық жағдай 23 ақпанда болған. Оның ауруханаға кеткен сәтін пайдаланған күйеуі көрші ауылдағы бағып жүрген малын тастап, үйге жеткен екен. Көп қан жоғалтқан қызды одан кейін сабаққа жіберген. Ол бастапқыда "құлап қалды" деп сылтауратқанмен, артынша кешірім сұрап мойындаған.  

"Оқиғаны балам да көрген. Балама "кет" деген ғой, пердені ашып қарап тұрған балама "кет" деп айтқан ғой. Соны кеше мойындап отыр. Маған керек емес, қоғамға да керек емес адам ол", - дейді қыздың анасы.

Анасының айтуынша, 8 жастағы қызға екі рет ота жасалған. Тік ішегін бірнеше жерден тіккен дәрігерлер ақыры жатырын алып тастауға мәжбүр болған. Анасы қызының ана болу мүмкіндігінен айырылғанын жақында ғана сотта естігенін айтады. Оның сөзінше, күйеуімен қосылған 3,5 жылдан бері қызына азғындық жасалғанын енді біліп отыр.

"Мамаңа айтсаң сені тұншықтырып өлтіремін, мамаңды өлтіремін де, сені балалар үйіне өткізіп жіберемін. Балалар үйіне өткеннен кейін сен үлкен болған соң, сені қатын қылып алам қайтадан" деп қорқытқан. Оны әлі күнге дейін айтады маған. "Мама, маған сөйтіп айтты" деп әлі күнге дейін айтады. Әлі күнге дейін шошып оянады", - дейді қыздың анасы.

Шымкенттегі арнайы орталық директоры Малика Жүсіпова мұндай жағдай жиілеп кеткенін айтады.

"Бұл деген сұмдық жағдай ғой. Өмір бойына сотталу керек. Ол ауру ғой, ауру қайталайды. 20 жылға сотталды деген педофилизмге аз уақыт", - дейді Малика Жүсіпова.

8 жастағы қызбен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр екен. Ал анасы "қызым әзірге болашағына балта шабылғанын білмейді, ертең бойжеткенде тағдыры қалай болады?" деп шарасыз күйде отыр.