Талдыкөлдегі өрт екі күннен кейін сөндірілді: алдын ала себебі айтылды

Нұр-Сұлтандағы Талдыкөл ауданы маңындағы өрт екі тәуліктен кейін сөндірілді, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

20 маусымда сағат 15.03-те "101" пультіне Есіл ауданы Қорғалжын тасжолы бойында қураған шөп өртенгені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келіп жеткен өртсөндірушілер ашық аумақта қамыс пен қураған шөп жанып жатқанын анықтаған.

Елордалық өртсөндірушілер өртті екі тәулік бойы сөндіруге тырысқан. Өрт ошағына ТЖМ-нің МИ-8 тікұшағымен 27 рет су шашылған (81 тонна). Өрт кеше сағат 18.53-те ауыздықталып, бүгін сағат 05.55-те толық тоқтатылған.

ТЖМ мәліметінше, өрт шығуының алдын ала себебі отты абайсыз қолдану болуы мүмкін. Өртті сөндіруге 86 қызметкер мен 14 техника жұмылдырылған. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.