Энергетика министрі Каспийден табылған бомбаларға қатысты түсінік берді

Энергетика министрі Каспийден табылған бомбаларға қатысты түсінік берді
Фото: Тұрар Қазанғапов

Каспий құбыр консорциумының екі айлағын тоқтату Президенттің Санкт-Петербургте сөйлеген сөзінен бұрын жоспарланған болатын. Бұл туралы энергетика министрі айтты, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы. 

Болат Ақшолақов Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық форумдағы мәлімдемесінен кейін Ресей тарапы теңізден жарылғыш заттарды әдейі іздей бастады деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Бұған дейін 15-25 маусым аралығында жұмыстар жүргізілетінін айттым. Өйткені су астынан миналар мен бомбалар табылды. Олар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалған. Енді оларды жою керек. Өткен аптаның басында Каспий құбыр консорциумымен арада осы мәселе бойынша жұмыс істедік. Сондықтан оның форумға еш қатысы жоқ", - деді ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Каспий құбыр консорциумы - Қазақстан мұнайын Еуропаға тасымалдаудың негізгі бағыты. Наурызда консорциум арқылы тасымалданатын мұнай көлемі апатқа байланысты ішінара шектелген еді. Сол кезде екі шығыс айлағы істен шыққан. Нәтижесінде, үшіншісі арқылы жөнелтілген, осылайша, экспорт көлемі азайған.

Ж. Қадыржанова