Еуропада күн ысып, орман өрті көбейді

Орман өртінен Германия, Грекия және Испания тұрғындары эвакуациялануға мәжбүр болды, - деп хабарлайды "Массагет" тілшісі DW сайтына сілтеме жасап.

Германияның шығыс жерлеріне жаздың ыстық температурасы мен қатты жел жетіп, Берлиннің оңтүстік-батысында өрт болды.

©REUTERS

Елдің ұлттық метеорологиялық агенттігі Германияның шығысында температура 38 градустан асқанын хабарлады. Батыста да осындай ыстық болды. 20-ға жуық провинцияның тұрғындарына эвакуациялауға бұйрық берілді.

©REUTERS

Өртсөндірушілер жалын шамамен 100-110 гектарға таралғанын айтты. Өртті сөндіруге көмектесу үшін әскери тікұшақ жұмылды.

Сондай-ақ, Грекиядағы екінші үлкен арал Эвия орталығында орман өрті бақылаудан шығып кетті. Қатты жел соғып, Гаяда тау орманының баурайын от жайлады.

Билік сақтық шарасы ретінде Кремастос ауылын эвакуациялауды бұйырды, өйткені жалын кейбір үйге 800 метрге жақындады.

Эвия былтыр да өрттен зардап шеккен еді, ол кезде орманның үштен бір бөлігі жанып кеткен. 

Осы уақытта Испаниядағы өртсөндірушілер елде маусымда рекорд температура әкелген аномалды жылу нәтижесінде бірнеше күн бойы өршіп тұрған орман өртіне қарсы күресіп жатыр. Испанияның көптеген қаласында термометр 40 градустан жоғары көрсетіп тұр.

©REUTERS

©REUTERS

Сарапшылар температураның жоғарылауы климаттың өзгеру тенденциясынан туындаған деп ескертті.

©REUTERS

"Біз бүгін көріп отырған жағдай, өкінішке қарай, болашақтың жаршысы", - деді Женевадағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның өкілі Клэр Нуллис.

Оның сөзінше, атмосферадағы парниктік газдардың концентрациясы өсіп, ауа температурасы индустрияға дейінгі деңгейден 2 градусқа жоғарыласа, жаз ыстығырақ болуы мүмкін.

Бұған дейін Еуропа елдері тарихта болаған ыстықты бастан кешіп жатқаны хабарланған болатын.