Мемлекет басшысы Донецк пен Луганск туралы сұраққа ашық жауап берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Донецк пен Луганск туралы сұраққа ашық жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"Бұл мәселе бойынша әртүрлі пікір бар, мен ашық айтайын (Украинадағы жағдай туралы. - Ескерту). Біздің қоғам ашық, азаматтық қоғамның кемелденгені көрініп тұр. Әртүрлі пікір айтылып жатыр. Бірақ қазіргі халықаралық құқық БҰҰ жарғысы екенін атап өткім келеді. Бірақ жарғыда бекітілген екі негізгі қағида қазір бір-біріне қайшы келіп тұр. Бұл - мемлекеттің аумақтық тұтастығы және ұлттың өзін-өзі билеу құқығы. БҰҰ негізін қалаушылар бұл сәтті сол кезде ескермеген болар, мүмкін олар ымыра ретінде бір-біріне қайшы келетін екі қағиданы әдейі енгізген шығар", - деді Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынында.

Президент атап өткендей, қарама-қайшы екі қағидалармен бірге әртүрлі түсінік те бар.

"Бірі мемлекеттің аумақтық тұтастығын қасиетті дейді. Басқалары белгілі бір мемлекеттің құрамындағы кез келген халық мемлекет болуға құқылы және өз мемлекетін құра алады, өз қалауы бойынша одан бөлініп кете алады дейді. Егер ұлттың өзін-өзі анықтау құқығы іс жүзінде бүкіл әлемде ұйымдастырылса, қазір БҰҰ құрамына кіретін 193 мемлекеттің орнына Жер бетінде 500-600-ден аса мемлекет пайда болады деген болжам бар. Әрине, бұл хаос болады.

Осы себепті біз Тайванды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл қағида квазимемлекеттік аумақтарға, оның ішінде, Луганск және Донецк аумақтарына да қолданылатын шығар. Бұл сіздің ашық сұрағыңызға ашық жауап", - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.