Қарағанды облысында қоғамдық көлікте жантүршігерлік оқиға болды

Қарағанды облысында қоғамдық көлікте жантүршігерлік оқиға болды
Фото: Телеарна видеосынан алынған кадр

Қарағанды облысында 18 жастағы жігіт қоғамдық көліктегі бос орындыққа отырып, дымқыл екенін байқаған. Ол тез арада орнынан атып тұрған. Бірақ шалбарға сіңіп қалған дымқыл жамбас терісін күйдіре бастаған, - деп хабарлайды "Хабар 24".

Анасының айтуынша, баласы студент, демалыста жұмыс істеп жүр екен.

"Терісі киіммен қоса шешілді. Қарасам, еттері көрініп тұр. Кәдімгі алақаннан да үлкен, екі жағы да. Жедел жәрдем шақырттық. Негізі ол - студент, қазір демалысқа шығып, "жұмыс істеп, сізге көмектесем" деп жүрген. Құрылысқа шыққан", - дейді жігіттің анасы Айман Нұрмағанова.

Айман - екі баланы өсіріп отырған жалғызбасты ана. Ұлының ойламаған жерде алған жарақатын дәлелдеу үшін полицияға шағымданып, өзі де сараптама жасатқысы келіп отыр. Ал автопарк өкілдері өздерінің кінәсі заңмен дәлелденген жағдайда жауап беруге дайын екенін айтады.

"Мүмкін онда жолаушылардың бірі бірдеңе төгіп алған шығар. Бірақ не екені белгісіз. Кондуктор "онда тек сусын төгілген, оны қолмен менде ұстап көрдім" дейді. Бірақ оның қолы күймеген. Қалай болса да сараптама нәтижесін күтеміз. Кінәміз дәлелденсе, жауап беруге дайынбыз. Жолаушылардың барлығы сақтандырылған", - дейді №3 автопарк басшысы Артур Григорян.

Дәрігерлер зардап шеккен науқасты бір аптадан аса уақыт емдеп, үйге жіберген. 

"Жамбас тұсы 3-деңгейдегі химиялық күйікке шалдыққан. Бірден ем жүргізілді, осында қаралды. Кейін күйіктің орыны жазыла бастаған соң үйіне жіберілді. Енді мамандардан кеңес алып, әрі қарай емделуі керек. Күйіктен соң қалыпқа келу ұзақ уақыт алады. Ол адамның жасына, ағзасына да байланысты", - деп түсіндірді Х.Мақажанов атындағы облыстық травматология орталығының бөлім басшысы Ерік Шонбаев.

Полицейлер бұл істі тіркеп, сараптама тағайындаған.

"Қала тұрғыны қоғамдық көлікте күйік алу дерегі бойынша іс полицияда тіркелді. Қазір бұл жағдай бойынша тиісті сараптама тағайындалды. Соның қортындысына сәйкес шара қабылданады", - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.

Ж. Қадыржанова