Жәрдемақы алатындардың әлеуметтік төлемақысы көбейді

Жәрдемақы алатындардың әлеуметтік төлемақысы көбейді
Фото: prodengi.kz

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін үш әлеуметтік төлемнің мөлшері ұлғайтылды. Яғни, 348 мыңға жуық адамның жәрдемақы көбейді. Бұл жайлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Атап айтқанда, еңбек ету қабілетінен айырылғандар (75 130 алушы) мен асыраушысынан айырылғандардың (52 096 алушы) МӘСҚ-тан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдерінің мөлшері 5% арттырылды.

Бұл төлемдер ұзақ мерзімді болып табылады, өйткені олар бірнеше жыл бойы төленуі мүмкін: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда – адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтірмейінше не зейнеткерлік жасқа жеткенше; асыраушысынан айырылған жағдайда – балаларға кәмелетке толғанға дейін және күндізгі оқу нысанының студенттеріне 23 жасқа дейін жүзеге асырылады.

Айта кету керек, жоғарыда аталған төлемдерді алушылар бюджет қаражаты есебінен осындай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды да алады.

Сондай-ақ, осы жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері арттырылды. Яғни, 220 462 алушының төлемақысы өсті.

Қ. Слямбек